Атырау облысының Қызылқоға ауданында жолдар жөнделе бастады

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында жол қатынасы қалпына келтіріле бастады.

Сәуір айының басында Ойыл өзенінің нөпір тасқыны Атырау-Индер-Қарабау-Миялы бағытындағы жолдарды 10 жерден бұзып кеткен еді. Әзірге аудан әкімдігі уақытша өткелдер салып, облыспен көлік қатынасын толықтай жандандырмақ.  

Атырау-Миялы автокөлік жолы – Қызылқоға ауданының барлық ауылдарын өзара қосатын және облыс орталығымен байланыстыратын маңызды магистраль. Арнасынан асқан өзен осы жолды 8 жерден шайып, 2 көпірді істен шығарған еді. Жергілікті билік бар күшті көлік қатынасын қалпына келтіруге жұмылдыруда. Бұл Тасшағыл ауылы маңындағы жол учаскесі. Ауылға су кіру қаупі төнгенде, жолды бұзу туралы шешім қабылданған. Қазір ол қалпына келтіріліп жатыр.

Оспан Аронов, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:

- Ойыл өзені биыл қатты тасыды, өздеріңізіге белгілі. Тасыған кезде осы жерге келіп тұйықталып қалып, су жиналды. Сосын ауданмен келісе отырып, осы жерді аштық. Жолдың бетіне су шықпағанына 31 жыл болған екен, мына жерді ашудың екінші себебі соған байланысты. Жалпы Жамбыл окугі болсын, Тасшағыл округі болсын биыл су мол келді.

Бұған дейін Индер-Қарабау, Жасқайрат-Жангелдин-Миялы ауылдарын жалғайтын жол да бұзылған еді. Тасқынның күштілігі сондай асфальтті қопарып, жан-жағын түгел жарамсыз етіп тастаған. Салдарынан аудан орталығы Миялыға тек қайықпен қатынаған кездер болды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл аудан орталығына қатынайтын Миялы селосына қатынайтын негізгі күре болдың бойы. Биыл Ойыл өзені ағысының қаттылығы сондай осы жолды 10 жерден бұзып кеткен. Бүгінде Атырау-Индер-Қарабау-Миялы жолының бойында осыдай айналма жолдар салынып, уақытша қалпына келтіріліп жатыр. Негізгі жұмыстар жазда жалғасатын болады.

Ерболат Иғали, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

-Қазіргі таңда Жангелдин мен Миялының арасы жасалып жатыр. Басқа округтер арасындағы жолдар жасалып, уақытша іске қосылды. Бұл алға қарай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы жолдың барлығы қалпына келтірілетін болады.

Қазіргі таңда ұзындығы 420 шақырымнан асатын облысішілік жолда қатынас толық қалпына келтірілді. Енді айналма өткелдерді стандартқа сай жөндеп, суағарлар салу жұмыстары тасқын су толық қайтқаннан соң, кешенді түрде қолға алынады.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин