Көршісін сыйламайтындар көбейген

Былтыр түн тыныштығын бұзудың 94 мың дерегі тіркеліп, азаматтарға 1 миллиард теңге айыппұл салынған.

Мамандар мұны рекордтық көрсеткіш деп отыр. Биылдың өзінде 24 мың адам «шулау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни көршісін сыйламай, түнімен олардың мазасын алатындардың саны артты деуге келеді.

Раиса Досанованың Астанаға көшіп келгеніне 30 жылға жуықтады. Бүгінге дейін 6-7 пәтер ауыстырған ол, көпқабатты үйлердегі тыныштық тәртібін көбі сақтамайды дейді. Қазір де көршілеріне шағымы жетерлік. Бірі таң атпастан құрылыс жұмыстарын жүргізсе, енді бірі түннің бір уағында музыка дауысын қатты қойып, ұйқы бермейді екен. Ақырында Раиса полиция шақыруға мәжбүр болған.

Раиса Досанова, қала тұрғыны:

- Полиция шақырған кезіміз де болды. КСК, ОСИ арқылы шақырдық, протокол жасадық, төлеткіздік. Бірақ бәрібір кейбір көршілер оған қарамай, қайтадан 10-нан кейін ремонтын жасай береді, 10-нан кейін балаларын шулатады, жатқызбайды. Әлде қоныс тойын тойлап, 3-4-ке дейін шулай береді.

Бұл тек бір адамның басындағы жағдай емес. Қазақта «алыстағы туыстан, жақындағы көршің артық», «көрші ақысы – тәңір ақысы» деген тәмсілдер бар. Алайда қазіргі заманда бір-бірімен түсінісе алмай жүргендер көп.

БЛИЦ:

- Кейбірі тыңдайды, кейбіреулері тыңдамайды. Әсіресе жастар жағы тыңдамайды. Мысалы, айтасың майда балалар жүгірмесін деп, үстіміздегі қабатта.

- Біз мынау оң жағалауда тұрамыз, естіледі бәрі. Әсіресе ремонт жаздыгүні естіледі.

- Көрші балалар жылап жатады, сондайлар естіледі. Сосын айтылады шуламайық, астымыздан, үстімізден адамдар келеді деген сияқты. Иә, болады ондай.

Былтыр түн тыныштығын бұзудың 94 мың дерегі тіркеліп, азаматтарға 1 миллиард теңге айыппұл салынған. Ал биыл 24 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 345 миллион теңге айыппұл арқалады.

Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

- Норманы бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде 437 баппен жауапкершілік қарастырылған. Жауапкершіліктің айппұл мөлшері жеке тұлғаларға 5 айлықтан, жеке кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкеліп соғады. Яғни 5 айлық қазір бізде 18 мың теңге шамасы мөлшерінде. Ал жеке кәсіпкерлерге келсек, ол жерде ірі және орташа кәсіпкерлік бар, 370 мың шамасына тартады.

Қолданыстағы заңға сәйкес, жұмыс күндері түнгі сағат 10 мен таңғы сағат 9-ға дейін көршілердің мазасын алуға болмайды. Ал демалыс күндері түнгі 23.00 мен таңғы сағат 10 арасында шулауға тыйым салынған. Бірақ бұған көбісі пысқырып та қарамайды. Заңгерлер мәселені шешу үшін бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Самал Токушева, заңгер:

- Рұқсат етілмеген уақытта құрылыс жүргізу, музыканы қатты қою, ойын-сауық ұйымдастыру – тыныштықты бұзу болып саналады. Шудың дауысы 45 децибелден аспауы тиіс. Ал оны өлшеу үшін, Санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің мамандарына жүгіну қажет. Бұл әрине қолайсыз. Сондықтан шудың децибелын өлшеу жұмыстарын полиция органына өткізу қажет. Осылайша тәртіп сақшыларының құзыретін арттыру керек.

Сарапшылардың айтуынша, түн тыныштығын бұзатындар үшін қарастырылған айыппұл аз. Оның мөлшерін көбейту қажет. Ол қалтаға салмақ салғанда ғана, азаматтар жауапкершілікті түсіне бастайды дейді.

Альмира Оразбай, Ербол Даиров, 24.KZ