Қостанай облысында жаңа баспана құрылысы басталды

Қостанай облысының Аманкелді, Жанкелдин аудандарында жаңа үйлердің құрылысы басталды.

Қос ауданда жалпы саны 70 баспана салынады. Ал тасқын салдарынан үйлері жарамсыз болып қалған Қостанай ауданы тұрғындарының басым бөлігі облыс орталығынан пәтер алуға келісім-шартқа отырған. Өңірде табиғи апаттан зардап шеккендердің баспана мәселесі қалай шешіліп жатыр? 

Жангелдин ауданында 41 жаңа үй салынады. Оның 19-ы Көлқамыста, 22-сі Тәуіш ауылында бой көтермек. Осы апта да алғашқы үйлердің қазығы қағылып, іргетасы қаланды. Бұл ауданда өңірдегі бес ірі компания құрылыс жұмыстарын жүргізеді. 

Жансая Сүйінғарина, Көлқамыс ауылының тұрғыны:

- Қиыншылығымыздың бәрі артта қалып, қуанышты жағдайда отырмыз. Неге десеңіз қазіргі таңда мынау көптеген құрылыс компаниялары өздерінің құрылыс материалдарын алып келіп, жаңағы құрылыс нысандарын бастап жатыр. Өте қуаныштымыз. 

Бір күн бұрын Аманкелді ауданында да жаңа үйлердің құрылысы басталды. Мұнда жоспарланған 29 үйдің 18-і аудан орталығында, қалғаны Байғабыл, Қарасу, Есір, Ағаштыкөл ауылдарында салынады. Әр үйдің құны 29 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ол шығынның бәрін «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры өз мойына алды. Жаңа баспаналардың басым бөлігі мамырдың аяғында тапсырылуы тиіс. Ал тасқын судан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына облыс орталығында салынып жатқан көпқабатты үйден пәтер ұсынылды. Алтынсарин ауылынан әзірге 38 отбасы жаңа қонысқа көшіп келуге келісім шарт жасасқан. Солардың бірі Әйгерім Мұсанова.

Әйгерім Мұсанова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

- Балалар үшін осындай таңдау жасадық, қалаға келу үшін, өйткені барлық жағдай жасалған. Балабақша бар қасында, мектеп бар, балаларға ойнайтын аула бар. Барлығы жақын, аялдамалар жақын. Бәрі қолайлы. 

Жаңадан салынып жатқан тоғыз қабатты үйдің 80 пәтері табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына беріліп отыр. Мұндағы ішкі әрлеу жұмыстары әрі кеткенде бір айдың ішінде аяқталады.

Берік Таңжарықов, Қостанай ауданының әкімі:

- Тұрғындардың өздерінің шешімдеріне байланысты жаңадан үйдің құрылысын жасауға болады немесе қададан жаңа баспана пәтер сатып алуға келісім-шартқа баруға болады. Қазіргі таңда жарамсыз үйлерден 38 келісім-шартқа қол қойылды пәтер алуға.Бұл жұмыс әлі жалғасуда. 

Еліміздегі ірі компаниялардың қаржылай қолдауымен Қостанай облысында 400-ге жуық жаңа үй салынады. Немесе пәтер сатып алынады. Бұл енді тұрғындардың қалауына байланысты. Бұдан бөлек көпір, жол, электр желілерін жөндеу жұмыстары тағы бар. Осының барлығына шамамен 9-10 миллиард тенге керек.

Шухрат Ибрагимов, кәсіпкер:

- Тасқын судың зардабын жоюға барлық өңірлерге біздің компания 40 миллиард тенге бөліп отыр. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Зақымданған баспаналарды жөндеу, жаңа үйлер салу, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Көпшіліктің көңілінде «осы мақсатқа бөлінген қомақты қаржы талан-таражға түсіп кетпей ме?» деген алаңдаушылық бар. Осы тұста айта кетелік, кәсіпкерлер ешкімге, ешқайда ақша аудармайды. Олар үйді салуға, сатып алуға не жөндеуге тікелей төлем жасайды. Сондықтан бұл қаржыға көлденең біреу қол сұғады деп алаңдауға еш негіз жоқ.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг