БҚО-да 114 жаңа үй салынады

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 114 үй жаңадан салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін тиісті жер телімі бөлінген. Тасқыннан жапа шеккен тұрғындарға арналған баспананы «Қазақстан халқына» қоры есебінен тұрғызу көзделіп отыр.

Жымпитыдағы бұл үйді Едіге Серікқалиев 2020 жылы салып бітірген. Қажырлы еңбекпен тұрғызған баспанасын бір түнде су басып, жарамсыз етті. Қазір ол үйінді астынан кәдеге жарайтын заттарын жинастырып жүр.

Едіге Серікқалиев, Жымпиты ауылының тұрғыны:

- Түгел халыққа қиын болды ғой. Шыны керек еді. Жаңа үй ғой. 4 бала-шағам бар. Қазір қонақүйде тұрып жатыр. Кішкентай 2 бөлмеде тұрып жатыр.

Өлеңті өзені наурыз айында тасыды. Сол кезде Сырым ауданындағы 3 елді мекен аумағына су кірді. Бүлінген 200-ден аса баспананың жағдайын саралаған комиссия 114 үйді тұруға жарамсыз деп таныған. Тағы осыншасын толығымен жөндеу қажеттігі туралы қорытынды шығарды. Соған сәйкес енді тиісті жұмыстар жүргізіледі.  

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары:

- Жымпитыда, Өлеңті ауылында, Бұлдырты ауылында. 3 елді мекенде саламыз. Бұрын инженерлік желілер тартылған жер бар. Биік жерден. Сол жерде тұрғындармен келісіп, келіскен азаматтарды сол жерге көшіру бағытында жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. 8 құрылыс компаниялары сол 114 үйді салатын болады.

Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша БҚО-дағы бес ауданда 413 үй салынады. Олар негізінен қазба байлықтарды пайдаланушылар мен ірі кәсіпкерлер қаражатына тұрғызылмақ. Ал су тасқынының алдын алу үшін Өлеңті өзенінің бойынан ұзындығы 4 шақырымдық бөгет тұрғызу жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Альбина Кұмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Елдар Аюпов.