Жамбыл облысында геологиялық парк ашылады

Жамбыл облысында геологиялық парк ашып, қызғалдақты ерекше қорғауға алу жоспарда, деп хабарлайды 24KZ.

Грейг қызғалдағы өсетін алқапты ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізеді. Бұл туралы аймақта өтіп жатқан қызғалдақтар фестивалінде белгілі болды. Шараға алыс-жақын шет елден қонақтар мен туризм саласының мамандары қатысты.

Кинопродюсер Бөкен Мұса – Қытай қазағы. Бүгінге дейін 60-қа жуық туынды түсірген. Қазір Қырғызстан және Қазақстан киногерлерімен бірігіп, барыс туралы фильм түсіруге дайындық үстінде. Сол үшін ата қонысқа арнайы келіпті. Фестиваль аясында қызғалдақ алаңдарын тамашалап, сәті түссе, фильмінде көрсетпек.

Бөкен Мұса, турист:

- Дүние бойынша айтқанда табиғаты жақсы. Оның үстіне Қазақстан әкемнің туған жері. Солай болғаннан кейін әйелімді бірге ертіп келдім. Осы жерде кино түсірейік деп. Жақсы кино болса, Қытаймен бірлесіп, кино түсірсек болады.

Жамбыл облысында қызғалдақтың 35 түрі бар. Оның 12-сі еліміздің қызыл кітабына енгізіліп, қорғауға алынған. Тағы бірі халықаралық қорғауда. Ол жауқазын Талас ауданындағы Есейхан ауылының маңында өседі.

Мерей Бает, тілші:

- Біз қазір теңіз деңгейінен 1100 метр биіктіктегі Қаратау тауының сілемдерінде жүрміз. Ал қызыл кілемдей болып құлпырған қызғалдақ – грейг тұқымы. Халықаралық қорғаудағы гүлдің бұл түрі тек осы аймақта, еліміз бойынша тек осы жерде өседі екен. Сондықтан мамандар бұл гүлді ерекше қорғауға алуды ұсынып отыр. 

Қызғалдақ фестиваліне Германия, Қытай, Қырғызстан мен еліміздің туристері және қызғалдақ зерттеушілері қатысты. Олар: «қызғалдақ әлемге біздің елден тараған», – деген пікірді қолдайды.

Ескендір Төрбеков, тарихшы-археолог:

- Қызғалдақтар көптеген жыл бұрын Ұлы Жібек жолымен Азия, Иран, әрі қарай Түркияға тараған. Одан ары әлемге тарады десек қателеспейміз. Жалпы түркі елдеріне ортақ LOL деген мереке болған. Бұл парсы тілінен аударғанда «қызғалдақ» деген сөз. Яғни, қызғалдақтың гүлдеуі жаңару, жаңа өмір бастау сынды мәнге ие болған. Бұл мереке кейін бәрімізге белгілі наурыз болып жалғасын тапты.

Фестиваль аясында ЮНЕСКО өкілдерімен кездесу өтеді. Елдегі алғашқы геологиялық парк құрылып, жауқазындар ерекше қорғауға алынады. Шара қорытындысы бойынша облыстағы қызғалдақтардың географиялық атлас картасы жасалады. Соның негізінде туристерге арналған маршрут жоспарланады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.