Тасқыннан соң. БҚО-да үш көпір салынады

Батыс Қазақстан облысында биыл көктемде су тасқыны салдарынан 10 елді мекеннің тұрғындары бір ай бойы көлік қатынасынсыз қалды.

Жыл сайын қайталанатын осы түйінді мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен таяу уақытта өңірде 3 көпір салынбақ. Оның екеуін Қаратөбе, біреуін Шыңғырлау ауданында салу жоспарланған.

Бастауын Шыңғырлау ауданындағы Алмастаудан алатын, ұзындығы 243 шақырым Қалдығайты өзені осы. Қазір моп-момақан болып ағып жатқанымен, өзен осыдан бір ай бұрын асау қылық танытып, ел-жұртты әбден әбігерге салды. Мына беттегі 8 ауыл бір ай бойы көлік қатынасынсыз отырды.

Өзеннің арғы бетінде Қаратөбе ауданындағы 8 ауылдық округтің үшеуі, яғни Қаракөл, Аққозы және Саралжын округтері орналасқан. Осы округтерге қарасты 8 елді мекеннің тұрғындары жылда жолсыз қалады. Шыбын жанды шүберекке түйіп, өзеннен қайықпен өтеді.

Абат Төлебаев, Бесоба ауылының тұрғыны:

- Наурыздың 27-сі тасыды ғой. Сәуірдің 20-нан кейін, 25-не қарай көпір ашылды. Оған дейін алдын-ала сақтандырылып айтылған әңгіме бойынша жинақ қорымызбен отырдық. Көпір міндетті түрде керек деп ойлаймын, осы көпір арқылы біз ауданға қатынасамыз, дәрігерге қараламыз.

Қоржын ауылынан шыға беріске де көпір салу көзделген. Бүгінде суы тізеден келіп жатқанымен, қар ерігенде Жақсыбай өзені өткел бермей, асау мінез көрсетеді, жолындағыны жайпап өтеді. Биыл тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланды. Содан да шығар, Мемлекет басшысы келгенде қоржындықтардың басты тілектерінің бірі осы өзенге көпір салу болыпты.

Қобыланды Жұмағалиев, Қоржын ауылының тұрғыны:

- Президент келгенде осы жөнінде тоқталдық. Жыл сайын шайып кетеді. Арна бетімен бірдей болады, өтуге мүмкіндік болмайды. 7-8 күннен соң барып техника салып, өтіп көреміз. Ол ауылдың қасында, одан кейін мына Қалдығайты басталады. Ал 1 ай біз ауданмен қатынаса алмай қаламыз. Көпірден өтеміз, қайықпен өтеміз. Сол қиыншылықтың бәрін айтып едік, сол іске асатын сияқты.

Өңірдегі үшінші көпірді Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылына, Шыңғырлау өзеніне салу жоспарланған. Қазір бұл нысандардың жоба-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

Қадіржан Сүйеуғалиев, Қаратөбе ауданының әкімі:

- Қазір Қоржын елді мекені жанындағы кіре беріс жолды жабу жұмыстары жүріп жатыр. Қалдығайты өзеніне өтетін көпіріміз, Жақсыбай өзеніне өтетін көпіріміз жобалық жасау жұмыстары басталып кетті. Қазір бірінші жобасын жасап, әрі қарата тиісті қаражат бөлініп, салу жұмыстары басталады.

Осы көктемде өңірде жергілікті маңыздағы 23 жолды 65 жерде су шайған. Осыған байланысты 72 учаскеде жаңа су өткізу тұрбаларын салу, көнесін кеңейту көзделген.

Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов, 24.KZ, БҚО