Өртпен күрес. 68 млрд теңгеге техника сатып алынады
Үкімет Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақ-тандырылуын нығайту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдады.
Аталған құжат аясында 68 млрд теңгеден астам қаражатқа табиғатты қорғау ұйымдарына қажетті техникаларды алу көзделген.
Бұл жөнінде бүгін экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
Жалпы былтыр 1 мыңнан астам техника сатып алынған. Биыл да бұл іс жалғасатын болады. Тағы табиғи өрттерді жою кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының алгоритмі бекітілді. Экология министрлігінің аумақтық инспекциялары мемлекеттік орман иеленушілердің дайындығына тексеріс жүргізіп, 2,1 млн теңге айыппұл салған.
Бұдан бөлек өртті бақылау мұнаралары мен өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басымдық Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына беріліп отыр.