Ақтөбеде аналарға құрмет көрсетілді
Ақтөбеде әлеуметтік және қоғамдық-мәдени салада елеулі еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы құрметке ие болды.
Аналар күніне орай өткен мерекелік шарада облыстағы 90 анаға сый-сияпат көрсетілді. Арасында танымал ұстаздар мен дәрігерлер, спортшылар және су тасқыны кезінде аянбай тер төккен еріктілерді тәрбиелеп өсірген әйелдер де бар. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері олардың қоғамдағы рөліне тоқталып, аналар күнінің маңыздылығын атап өтті. Комиссия өкілдері бұған дейін Ырғыз ауданында болып, эвакуациялық орталықтарда жатқан тұрғындармен кездескен. Үйлерін су басқан ауылдықтарға Қызылорда облысынан жеткен 30 тонна гуманитарлық көмекті табыстады.
Шалқия Бақытжанова, Т.Ахтанов атындағы драма театрының актрисасы:
- Аналар күні деген күнде мереке атап өтсе де, артық болмайды. Аналарға мен жақсылық тілеймін. Сондықтан ананың мерекесі бізге өте маңызды. 8-наурыз халықаралық әйелдер күні болса, ал аналар күнін қосқан мынау еліміздің Президентіне мың алғысымды айтар едім.
Бибігүл Ағыбаева, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
- Әйелдердің рөлі өте жоғары деп есептеймін. Себебі ең негізгі мақсат қазіргі таңда бұл адал азаматтар мен азаматшаларды өсіріп тәрбиелеп, осы қоғамға өздерінің үлесін қоса алатындай деңгейге жеткізіп, қазақ елінің болашағын қалыптастыра алатын жастарды тәрбиелеу. Ол білімнің, тәрбиенің және де жалпы мемлекетке, ұлтқа деген махаббат негізінде болу керек деп есептеймін. Аналардың атқаратын ролі ең негізгісі деп ойлаймын.