Ақтөбе облысында көгілдір отынға сұраныс артып келеді
Ақтөбе облысында жыл өткен сайын көгілдір отынға деген сұраныс артып келеді.
Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Ақтасты және Толыбай ауылдарының тұрғындары көп жылдан бері газ күтіп отыр. Өтініштерін жауапты мекемелерге талай жеткізген. Ал өңір бойынша биыл 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
Ақтасты - облыстағы ең шалғай ауылдардың бірі. Негізінен мал бағып күнелтіп отырған елді мекенде 50-ден астам үй бар. Мектеп, балабақша, медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандары тұрақты қызмет етіп тұр. Дегенмен, газдың жоқтығы жыл өткен сайын өзекті бола түскен. Себебі, қысқа қажетті қатты отынның бағасы да қымбаттап барады.
Ерболат Ахметов, Ақтасты ауылының тұрғыны:
- Жылда айтады: газ келеді, газ келеді деп. Күтіп отырмыз. Біреуі 2025-те дейді, бәіреуі 2026 жылы дейді. От жағу, үй жылыту. Көмір удай қымбат. 35 мың бір тоннанысы.
Рамазан Саулиеев, Ақтасты ауылының тұрғыны:
- Су бар, светіміз бар, көшеміз жарық. Енді бізде қалған бір мәселе - газ. Газ жеткізсе, балалар тұрады. Сырттан, қаладан қайтып келуі де мүмкін. келетіндер бар.
Тұрғындардың ауылды газ желісіне қосуды сұрап жүргеніне 5 жылға жуықтаған. Айтуларынша, жалғыз Ақтасты емес, осы округке қарайтын көрші Толыбай елді мекеніне де көгілдір отын қажет. Ол жақтағы 300-ге жуық тұрғынның да бұл мәселені көтеріп жүргеніне біраз болған.
Дәулет Қазбай, Ақтасты ауылдық округінің әкімі:
- Осы сессиядан мақұлданып, сметалық құжаттарға қаражат бөлінді. Ақтасты ауылына тек. Алдағы уақытта Толыбай ауылына да сметалық құжаттар дайындауға қаражат бөледі.
Ауылдықтардың тілегі тиісті мекемелерге жеткен.
Нұртай Сертаев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақтасты және Толыбай ауылдарын газдандыруға қатысты Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылына жеткізуші газ құбырын салу жобасы бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтасты-Толыбай осы газ құбырының бойында газ көлемі қарастырылған. Ол бізде 2025 жылға жоспарланып отыр.
Жалпы облыс бойынша биыл үш ауылды газ желісіне қосу көзделіп отыр. Нәтижесінде, өңірдегі 320 елді мекеннің 53 проценті табиғи газбен қамтылатын болады.
Нұртай Сертаев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл бес жобасы іске асырамыз. Ол үш елді мекенді қамтиды. Сонымен қатар, 25 ауылды қамту үшін биыл 2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Ал облыстың газға деген сұранысын қамту үшін алдағы күзде «Бұқара-Орал» газ құбырынан қалаға тартылып жатқан үшінші тізбек құрылысы аяқталмақ. Жоба іске қосылғанда, облыс орталығынан өзге, бірқатар аудандарға да көгілдір отын кіретін болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев