Қауіпті жерлерге күзет қойылды. LIVE

Атырауда Жайық өзені әлі де сабасына түскен жоқ.

"Атырау - Орал" республикалық маңызы бар тас жолдың 71-шақырымында келген мол суды жолдың үстімен өткізіп жатыр. Бұл шешім Махамбет ауданы тұсындағы өзен бойында орналасқан елді мекендерді тасқын қаупінен сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Махамбет және Сарытоғай ауылы тұсына жиналған су жолдың екінші беті, яғни батыс жақ бетіне жіберілді. Махамбет ауданына еркін жайылған нөпір судың беті әлі қайтар емес. 18-19 мамырда өзен жағалауын бойлай орналасқан кейбір шаруашылықтарды су басты. Қазір бізбен тікелей байланыста осы өңірдегі тілшіміз Арыстанбек Кенже шығып тұр. Арыстанбек, өр суының қазіргі жағдайы қалай? Ауылдарға қауіп бар ма? 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Жайық өзені жағалауынан Атырау-Орал тас жолының ара қашықтығы шамамен 6-7 шақырымды құрайды. Нөпір су күре жолға тіреліп, жайыла бастаған еді. Осыған орай Атырау-Орал автомагистриалының үстімен суды қарсы бағытқа шығару жұмыстары басталды. Енді Орал, Индер, Махамбеттен Атырау бағытына жолға шыққандар Индер - Атырау трассасы арқылы қатынай алады. Облыс бойынша қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастырылып, күзет қойылған. Атырау облысы бойынша  тасқынға қарсы шараларға барлығы 4 мыңнан астам адам, 552 арнайы техника, 44 қайық, 167 су айдау құралдары жұмылдырылып отыр. Олар жағалаудағы 113 учаскеде тасқынға қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Кеше, өр суының елдімекендерге қауіпін сейілту мақсатында  «Атырау – Орал» тас жолының  44-ші шақырымда жол жырылды.  Дегенмен кейбір шаруашылықтарда егіс алқабы мен мал қыстақтары және аумағы 35 гектарды құрайтын алма бағы аралда қалып отыр. Жайық өзеніндегі су деңгейінің Атырау облысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабының кеше, 19 мамырға сағат 20. 00 дегі мәлімет бойынша  Индербор - 3 см, су деңгейі - 1019 см, шекті деңгейі - 845 см, Махамбет + 3 см, су деңгейі - 1014 см, шекті деңгейі - 850 см, Атырау қ. + 1 см, су деңгейі шекті деңгейден 21 см-ге асып, 571 смге жетті.