Тозған құбырлар, тоңған тұрғындар

Тараз қаласында негізгі жылу магистралі жаңғыртылып жатыр.

Былтыр 6 жерден тесіліп, жылу маусымында біраз қиындық тудырған еді. Желінің басым бөлігі биыл толық ауыстырылады.

Тараз қаласының М-1 негізгі жылу магистралі 1990 жылы салынған. Содан бері 34 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жалпы жылу құбырларының жарамдылық, пайдалану мерзімі 25 жыл екенін ескерсек, бұл желі әлдеқашан күрделі жөндеу көруі тиіс еді.

Мамандардың мәліметінше, қазір магистральдің 80 проценті тозған.

Қаланың негізгі жылу желісі 2022 жылы 9 рет, былтыр қыста 6 жерден тесілді. Жергілікті билік «шұғыл ауыстыру қажет» деп респубикалық бюджеттен қаржы сұраған-ды. Биыл мақұлданып, мемлекет қазынасынан 7,1 млрд теңге бөлінді. Қазір 6,2 шақырым магистральдің 4,6 километрі жаңғыртыла бастады.

Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:

- Ең негізгі желілер болғандықтан оны 600-дікке ауыстырып жатырмыз. Мұның суы өткізу қабілеттілігін жоғарылатып жатырмыз. Өйткені енді қосымша үйлер салынып жатыр микрорайондарда. Сонымен қатар мынау 15-шағын аудан да. Олардың бәріне тиісінше жылу жүйесін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр.

Құбырлардың шірігені сонша, саусақпен түртсе сынатын жағдайға жеткен, - дейді мердігер компания өкілі. Қазір құрылыс алаңына 120 жұмысшы мен 40-тан аса техника жұмылдырылған. Олар жылу желісінің 600 метріне жаңа құбыр салып үлгерді.

Дәулет Тұрсынханов, мердігер компания өкілі:

- Жаңа салып жатқан трубалардың біріншіден, диамерті үлкендеу. Ескісі – 530 мм-лік болса бұл – 630 мм. Оның сыртындағы 10 см пенополиулитановый изолиация бар. Оның үстінен тағы да, қарап отырсаңыздар, полиэтиен қаптамасы бар. Бұларды өндіруші зауыт бізге 50 жылға гарантия берді.

Қала билігі жаңғырту жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталады, деп мәлімдеді. Бүгінде Тараздағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 257 шақырым болса, оның тозу деңгейі 71 процентке жеткен. Жергілікті билік қаржы бөлінуіне қарай күрделі жөндеуді кезең-кезеңімен жүргізбек.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә, 24.KZ, Тараз