Елордалық оқушылар табысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты
Қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек. Бүгін астаналық оқушылар табысы төмен 15 отбасыға азық-түлік таратты, деп хабарлайды 24KZ.
Рамазан айындағы қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаражатты «Нұрорда» қайырымдылық клубының мүшелері осылай жаратуды жөн көріпті.
Бақыт Топтаева, тілші:
- «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушылары бүгін Астанадағы саяжайдың біріне келді. Шағын автобустарына ұн, макарон, май, жұмыртқа сияқты біраз азық-түлікті тиеп әкелген. Қайырымдылық клубының жетекшісі Сәния Доқтырбектің айтуынша, бұның бәрі мектеп жәрмеңкесінен түскен қаражатқа алынды.
Сәния Доқтырбек, «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушысы:
- Бұл жәрмеңкеге 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың түгелі қатысты. Әр сынып 4 тағам әзірледі. Яғни, оқушылар өздері дайындап әкелді. Мен және командам сол тамақты сатып, біраз қомақты қаржы жинадық.
Әдия Қуат, «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушысы:
- Осы жәрмеңкеде ата-аналармен, оқушылармен 1 млн 770 мың теңге жинадық. Осы 170 мың теңгені Африкаға ауызашар жасадық. Сосын 300 мың теңгеге кішкентай мектеп оқушысына мүгедек арба мен физиотерапия сыйладық. Сосын қалған ақшаны біз осы үйірмедегі оқушылармен осы отбасыларға көмек беріп жатырмыз.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Жұдырықтай жұмылған жастардың ісін көріп, Гүлпәш Гаипова көз жасына ерік берді. Үшінші топ мүгедегі жүрек талмасынан кейін жұмысқа мүлде жарамсыз боп қалғанын айтады. Жолдасы да зағип жан. Астананың байырғы тұрғындары саяжайдағы қораның бірін жалдап тұрады. Одан тәуіріне ақшасы жетпейді.
Гүлпәш Гаипова, қала тұрғыны:
- 52 мың аламын мен.
- 100 мыңға күн көресіз ғой?
- Иә, иә. Арасында қосымша жұмыс жасайды енді. Еркек болған соң қалай қарап отырады?!
- Демек осындай, азық-түлік біршама, бір апталық азық?
- Иә, иә, екеуміз ғой. Осы азық-түлік біразғажетеді. Мынаны сіздер алып келдіңіздер бүгін, ал мен болған ақшама дәрімді сатып аламын. Сендер күшті көмек жасап жатсыңдар!
Оқушыларға шексіз риза болған Гүлпәш апа ақ батасын аямады. Ізетті жастардың болашағы зор болатынына сенімі мол. «Мейірім жүректен, ал қайырым білектен болады», - дейді ол.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғадымжан Әбділахат