ШҚО-да Ертіс деңгейі көтеріле бастады
Шығыс Қазақстан облысында Боран ауылының тұсымен өтетін Қара Ертістің деңгейі 543 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл қауіпті шамадан 18 сантиметрге жоғары. Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, осы айдың ортасынан бастап Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Буыршын өзені арнасынан асқан. Ол трансшекаралық маңызға ие Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс Зайсан көліне құяды. Қазір Борандағы гидробекеттің көрсеткіші әр 4 сағат сайын тексеріліп жатыр. «Әзірге елді мекендерге қауіп жоқ», - дейді мамандар. Себебі былтыр өзен жағасындағы бөгет биіктетілген. Дегенмен, сақтық үшін ауыл маңындағы бөгеттер нығайтылып жатыр. Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Үлкен Нарын аудандарынан қосымша техника мен мамандар тартылды.