Отандық жылыжайлар ішкі нарықты қиярмен қамтуға дайын

Отандық жылыжайлар жақын арада еліміздің қиярға деген сұранысын толық өтей алады. Вице-премьер Серік Жұманғариннің Түркістан облысына сапарында жергілікті шаруалар осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24KZ.

Сарыағаш ауданындағы жылыжай иелері өнімділікті арттыру үшін Оңтүстік Корея технологиясын пайдалана бастаған. Заманауи тәсілдер өндірісті 3 есе арзандатқан. Тіпті болашақта қазақстандық құлпынай экспортын бастауды жоспарлап отырған диқандар да бар. Бірақ шаруалар өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия ала алмайтынын айтып, вице-премьерге мән-жайды түсіндірді. Олардың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі қолжетімді емес. Серік Жұманғарин ұсыныстарды тыңдай келе, бұл мәселелерді мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қарауға және шешім қабылдауға уәде берді.