Елімізде электромобиль иелері арнайы автотұрақпен қамтамасыз етілетін болады
Қазақстанда электромобиль иелері арнайы автотұрақпен қамтамасыз етіледі және оның ақысын төлеуден босатылады, деп хабарлайды 24KZ.
Мәжіліс электрокарларға арналған инфрақұрылымды дамытуға қатысты заң қабылдады. Аталған құжатты депутаттар биыл жыл басында бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Енді Сенат қарауына жолданды. Заң жобасында көлікті қуаттайтын станцияларды тұрғын үйлер мен қоғамдық жерлерде көптеп орналастыру нормасы да бар.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Елде тіркеуге алынған электромобильдердің саны 10 мыңға жуықтап қалды. Осыған байланысты инфрақұрылымды дамыту маңызды. Әуелі «экологиялық таза» көліктерді ішкі және сыртқы жолдарда қуаттайтын орталықтарды көбейту қажет. Әсіресе, қалааралық станциялардың тапшылығы мен уақытша істен шығуы тоқпен жүретін темір тұлпарларға тұсау болып отыр. Өйткені жолда қуаты таусылған көлікті басқа көлікпен тіркеп кете алмайсыз. Манипулятор шақыруға тура келеді.
Электр көлігі барлар әр күнін осындай қуаттау станцияларынан бастайды. Мұны кемшілікке жатқызуға әбден болады. Мәселен, станция мынадай көлікті жарты сағаттың ішінде 100% қуаттап болады. Ал жер үйде, үй жағдайында шамамен 8 сағат уақыт кетеді. Неге жер үй деп тұрмын, өйткені тұрғын үй кешендерінің жерасты автопаркингінде қуаттауға заңмен тыйым салынған.
Елордалық Алдияр Ермек электрокарын былтыр Қытайдан сатып алған. Заманауи темір тұлпарды тізгіндеген ол басқа көлктерден артықшылығы көп деп отыр
Алдияр Ермек, қала тұрғыны:
- Электр көліктер әдетте тез жүреді. Менікінде шамамен 500 аттың күші бар. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3-4 секунд ішінде жетеді. Бірақ тәжірибесі аз жүргізушілерге қала ішінде жүру қауіпті. Мен осыған алаңдаймын. Қыс мезгілінде салон іші суықтау. Аккумулятор әдеттегіден тез сарқылады. Алайда көлікті қыздырмай-ақ бірден жүре беруге болады. Таяуда жұмыс бабымен Астанадан Қарағандыға барғанмын. Көлігімнің 40 шақырымдай жүретін электр қуаты қалған еді. Бірақ кеншілер мекеніндегі барлық қуаттағыш станция сол күні уақытша істен шығып қалыпты.
Әйтсе де, Алдияр электромобильден бас тартуға асықпайды. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен ынталандыру тетіктерінің жалғасатынын жақсы біледі. Мәселен, қазір ақылы автотұрақтарға тегін кіру мүмкіндігі қаралып жатыр. Бұған қоса, әкімдіктерге қуаттау станцияларын орналастыру бойынша шешім қабылдау құзіреті берілмек. Жобаға сәйкес бұдан былай полиция қызметкерлері ортақ электр желісіне заңсыз қосылғандарға айыппұл салады.
Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл заң аясында «электромобиль» және «электрқуаттау станциясы» жаңа ұғымдары енгізіледі. Электрлі көліктер арнайы орынтұрақ және тұрақпен қамтамасыз етіледі. Ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.
Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан жолдарында электромобильдерге арналған арнайы инфрақұрылымды дамыту қажет. Көлік иелеріне жағдай жасап, қолдау шараларын ширату керек. Сонда ғана электрокарға сұраныс арта түседі.
Арсен Шақуов, автосарапшы:
- Бүгінде Алматыдан Астанаға электрлі көлікпен дер кезінде жету мүмкін емес. Қуаты толы аккумулятордың өзі жетпейді. Жолда үнемі қуаттап отыру керек. Оған біршама уақыт кетеді. Паркинг ішінде қуаттауға заңмен тыйым салынған.
Мұндай көліктердің істен шыққан немесе тозығы жеткен аккумуляторларын қоқысқа тастауға болмайды. Елде электрлі қалдықтарды қайта өңдейтін 20-ға жуық кәсіпорын бар. Өңірлерде кәсіптің осы түрін дамыту да аса маңызды. Бұл жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әкімдік әділ бәсекелестік орнату үшін кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жер телімдерін пайдалануға бере алады. Оның ішінде инженерлік желілерді жеңілдікпен тарту жұмыстары да бар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев