Оралда 600 шақырым жол жөнделеді
Су тасқынына қарамастан Батыс Қазақстан облысында жоспарланған жол жөндеу жұмыстары толық көлемде атқарылады.
Өңірде 600 шақырым жол қалпына келеді.
Соның шамамен 108 шақырымы Орал қаласын қамтиды.
Қаланың бас даңғылы саналатын Назарбаев атындағы көшенің ұзындығы 5 шақырым. Соңғы жылдары әр тұсы тесіліп, аялдамалардың айналасы бүлініп ағымдағы жөндеумен амалдап келген. Екі апта бұрын орташа жөндеу басталды.
Жамшид Махаметов, мердігер компания өкілі:
- Бізде орташа жөндеу. Технологиясы бет қабатын фрезамен алып тастап, үстіңгі қабатына ШМА салу. ШМА деген шебен-мастикалық асфальт. Ерекшелігі сол ұзақ жылдар шыдайды, ұзақ жылдар күшін жоғалтпайды.
Биыл қалада 21 көшеге осындай орташа жөндеу жасалады. Ал 5-уі күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы қалада 690 шақырым автомобиль жолы болса, соның 64 пайызы ғана асфальт. Оның ішінде де жөндеу күтіп тұрған көшелер аз емес.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- 200-ден астам шақырым жолдар ешқашан асфальт болмаған, яғни топырақпен жатқан жолдар. Біз біртіндеп-біртіндеп ешқашан асфальт болмаған көшелерді реконструкциялайтын боламыз. Бәрі қаржыға тіреледі, қаржыландыру мәселесіне тірелетінін білесіз. Сол себепті болжамыма сәйкес алты-жеті жылда барлық асфальтталмаған көшелерді асфальттауымыз керек.
Биыл облыста жол жөндеу бойынша 134 жоба жүзеге асырылады. Бұған 114 млрд теңге қаралған. Алайда құрылысқа су тасқыны кедергі келтіруі мүмкін. Себебі Жайықтың жайылмасындағы құм алатын карьердің көбі су астында қалған.
Тілепберген Қаюпов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Карьерлер толуына байланысты құм алатын жұмыс кестесінен қалып қоюына қауіп төндіріп отыр. Бірақ біз Ресей Федерациясы, сосын облыста орналасқан қазір Ақсайдың аржағында бір карьеріміз аман қалды. Сосын Чапай, Ақжайық ауданы аумағында орналасқан бір карьер бос тұр. Қазір бәрін соған жұмылдырып, мердігерлерді содан алуға, құрылысшыларды ПГС содан алуға жұмылдырып жатырмыз.
Өңірде жыл соңына дейін 600 шақырым жол салу жоспарланса, соның 108 шақырымға жуығы облыс орталығының еншісінде.
Е. Жылқайдарұлы, Б, Жарылғасов, Э.Аюпов