Есірткі өндірісі: жаза қатаңдатылуы мүмкін

Синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жаза қатаңдатылуы мүмкін.

Бүгін Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында «есірткі, психотпроты заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл» мәселесі турасындағы заң жобасы талқыланды. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан Орталық Азия аумағында синтетикалық есірткі өндірісінен көш бастап тұр. Былтыр 3 бірдей трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. Нәтижесінде есірткі өндірісінде қолданылатын 80 тонна химиялық заттар тәркіленді. Сондай-ақ зертханаға қажетті мың құрал алынды. Қылмыстық топтар осылайша 10 мың тонна есірткі өндіруді жоспарлаған көрінеді.

Айта кетейік, бұған дейін заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қаралған еді. Енді оны сарапшылар қауымы мен қоғам пікірін ескере отырып, жетілдіру көзделіп отыр.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Қазір есірткіні аса ірі көлемде саудалау мақсатында өндіріс ұйымдастырғаны үшін 10-15 жылдық санкция қолданылады. Ұсынылып отырған өзгерту кодекстегі 297-баптың 4-тармағына сәйкес есірткі өндірісі үшін жазаны 15 жылдан 20 жылға дейін тағайындау ұсынылып отыр. Айта кетейік, сонымен бірге заңға есірткі өндірісі ұғымы енгізілетін болады.