Оралдағы саяжай үйлері техникалық тексерістен өтті
Биыл Орал қаласында Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің бойындағы 14500 саяжай учаскесін су басты, деп хабарлайды 24KZ.
Соның 9 мыңға жуығында үй-жай бары анықталды. Залалды өтеу жөніндегі өтініштерді қарау барысында 5254 азаматтың осы саяжайдан басқа жылжымайтын мүлкі бар екені, ал 2639 тұрғынның саяжайдағы үйі жалғыз баспанасы екені нақтыланды. Жалғыз баспана санатындағы 800-дей үйге жүргізілген техникалық тексеріс нәтижесінде жартысынан астамы жарамсыз болып шыққан. Арнайы комиссия өзеннің тартылғанын күтпей, төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен үйлерді қарап жатыр.
Әлия Қожақова, саяжай тұрғыны:
- 2013 жылдан бері тұрамын. 2017 жылы жарыққа, газға бәріне рұқсат берді. Біз қысы-жазы тұрамыз. Енді комиссия келіп кетті. Үйіміз құлап тұр. Фундаменті жоқ. Өздері қарады, үй береді деп сенемін. Жалғыз баспанам.
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
- Су бір айдан астам уақыт тұр. Мұндағы үйлердің басым бөлігі саманнан не «щитадан» салынған үйлер. Сондықтан олар суды мүлдем қабылдамайтын материалдар. Көріп тұрғандарыңыздай, құлап та жатыр. Бұл жерде басым бөлігі жарамсыз болып шығып жатыр. Үй қаламыздан берілетін болады алдағы уақытта.