«Бизнеске жол»: Бір жыл ішінде кәсіпкерлерге жасалған 32 кедергі жойылды
Тендерге түсіп, қыруар қаражат салған шымкенттік кәсіпкер ақадал ақшасын екі жылдан соң әрең алды. Тапсырыс берушілер түрлі сылтау тауып, оған тиесілі 187 миллион теңгені төлемей жүрген, деп хабарлайды 24KZ.
Кәсіпкер ақшасын тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуымен қайтарған.
Гүлсахар Гасанова 10 жыл бойы түрлі мекемелерді өрт қауіпсіздігі жүйелермен қамтып келеді. 2022 жылы осы салада жарияланған тендерді жеңіп, газтұтқыштың 5 мың данасын жеткізуге келіскен. Бірақ тапсырыс берушілер ойларынан айнып қалып, тауарын қабылдамай қойған.
Гүлсахар Гасанова, кәсіпкер:
- 18 қараша күні бюджетке біз ақшаны қайтарып жібердік дейді. Сонымен шамамен 1 жыл соттастық. Тамызда тауарды қабылдағанымен, осы сәуірдің соңына дейін ақшаны төлемеді. Менің шотым 1,5 жылдан бері бұғаттаулы. Салық төленбеген.Отчте тапсырылмаған. Антикорға өтініш жаздым.
Тапсырыс берушілер кәсіпкердің тауары мерзімінен бір айға кешіктірілгенін желеу етіп, келісімшартты біржақты бұзған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сот ұйғарымына сүйеніп, әкімдікке нұсқау берді.
Абай Жолдасов, қалалық азаматтық қорғаныс басқармасы «Мамандандырылған базасы» КММ бастығының орынбасары:
- Сол шешімге қарай біз бюджеттік өтінім бердік. Сонымен биыл наурыз айында мәслихат отырысында шешім қабылданды. Бюджеттен 187 млн 600 мың теңге бөлінді. Осы сәуір айында біз толық Гасанова ханымға ақшасын төлеп бердік.
Осы жағдайдан кейін мекеме басшылығы қызметінен кетуге мәжбүр болған. Оның тауарларды қабылдау кезінде заңсыздыққа барғаны белгілі болды. Жалпы «Бизнеске жол» жобасы аясында сатып-алым конкурстарынан бөлек, жұмыспен қамту және жер мәселесін даулаған мыңдаған кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Дәурен Ерғарин, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:
- Бұл жобаның негізгі мақсаты – адал қызмет, адал еңбек жасайтын кәсіпкерлердің бизнес жасаған уақытында пайда болатын проблемалық мәселелерін шешу болып табылады. Қазіргі уақытта біздің атқарып жатқан жұмысымыз лауазымды тұлғалардың тарапынан бизнеске қысым көрсету фактілерін жоққа шығару.
«Бизнеске жол» жобасы аясында бір жыл ішінде кәсіпкерлерге жасалған 32 кедергі жойылды. Ал мекемеге газтұтқыш 5 мың данасын жеткізген Гүлсахар Гасанова тағы да сотқа жүгінбек. Себебі екі жыл бойы түрлі кедергілерге тап болып, қыруар қарызға батқанын айтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов