Ақтауда коммуналдық кәсіпорын халық қаржысын заңсыз жинаған

Ақтауда коммуналдық кәсіпорын халықтың 34 млн теңгеден астам қаржысын заңсыз жинаған, деп хабарлайды 24KZ.

Қадағалаушы орган тұтынушыларға коммуналдық төлемдердің негізсіз есептелгенін әшкерелеп, «Каспий жылу, су арнасы» мекемесін ақшаны кері қайтаруға міндеттеді. Тексеріс кезінде қалаға жылу берілмеген күндерге де коммуналдық төлемдер есептелгені анықталды. Прокурорлық қадағалау актісімен 11 мың абоненттің дербес шотына қайта есептеулер жүргізілді. Жауапты тұлғаларға тәртіптік ескерту жасалды.

Ғани Боранбаев, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры:

- Былтыр қалаға бірнеше рет жылу мен судың берілмей қалғанын тұрғындар жақсы біледі. Алайда, соған қарамастан төлемдер есептелген. Талдаулар нәтижесінде тұтынушыларға коммуналдық қызметтің нақты қай күндері, тіптен қай уақыт аралығында көрсетілмегенін анықтадық. Бұл бағыт бойынша жұмыс облыс көлемінде жалғасады.