Маңғыстау облысында сирек кездесетін жыртқыш құс фототұзаққа түсті
Маңғыстау облысында тілеміш құсының балапан басқан сәті фотоға түсіп қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Табиғат қорғау инспекторлары ерекше қорғалатын «Манашы» қаумалынан жыртқыш құстың ұясын байқаған. Жар басына фотоқұрылғы орнатып, құстың балапандарын тамақтандырған сәтін таспаға түсіріп алды. Тілеміш – қаршыға тәрізділер тұқымына жататын ірі құс. Салмағы бір жарым келіге дейін барады. Жылына 3-5 жұмыртқа салады. Елде сирек кездесетін құстың балапандары қанаттанып кеткенше бақылауда болмақ.
Мыңберген Қаратауов, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы:
- Тілеміш құсын фототұзақ арқылы зерттеу нәтижесінде жұмыртқадан балапандары шыққанын көруге болады. Жалпы ел болып, қоғам болып жануарларымызды, жабайы аңдарымызды, құстарымызды, өсімдіктерімізді қорғауға шақырамыз.