Петропавлда құрылыс жасақтары құрылды
Петропавлда «Ауыл жастары» құрылыс жасақтары құрылды, деп хабарлайды 24KZ.
Олар көктемгі тасқынннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үйлер салып, жаз бойы осында еңбек етеді. Қатарға қабылданған жас мамандар салтанатты шеру өткізіп, алғашқы жұмыс күніне кірісіп кетті.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Құрылыс жасағына алғашқы 80 студент қабылданды. Салтанатты шеруге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен пен «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев қатысып, жастарға ақ жол тіледі.
Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы тасқыннан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды. Облыста бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Президенттің үндеуін республикалық «Ауыл» партиясы қолдап, құрылыс жасақтарының жандануына бастамашы болды. Бәрімізге белгілі, ауыл – халқымыздың алтын бесігі, Сіздер бүгінде ауылдарды дамытуға ерекше үлес қосып келесіздер. Қиын кезеңде облысқа көмек қолын созып жатқаныңыз үшін алғыс білдіремін.
Солтүстік Қазақстан облысының жастары еліміз бойынша бірінші болып құрылыс жасақтарын құрды. Оған барлық оқу ордалары атсалысып отыр.
Мұхаммедамин Уәлихан, «Ауыл» жастары құрылыс жасағының мүшесі:
- Бұл жерге келген себебім – өңірдегі болып жатқан жағдайларға байланысты баспанасыз қалған отбасылардың тез-тез баспаналы болуына көмек қолын көрсеткім келеді. Және де бір жағынан мен өзім тәжірбие аламын бұдан.
Қазір қалада 500 үй салынып жатыр. Олар дайын күйінде тапсырылады. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаржы бөлді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Енді студенттер жаз бойы осында жұмыс істейді. Осылайша, олар тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың тезірек үйлі болуына азды-көпті үлесін қоспақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков