Ақтөбе облысында 2500 жас маман уақытша жұмыс орындарына орналасты
Ақтөбе облысында биыл 2,5 мыңдай жас маман субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына орналасты, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни, олардың еңбекақысы толығымен немесе ішінара мемлекет есебінен мансап орталығы арқылы төленеді. Биыл өңірде 12 мыңнан астам түлек диплом алып, жас маман атанады. Кешегі студенттерді жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіледі?
Мансұр Есқожин, тілші:
- Аружан Орысбаеваның мамандығы радиотехник. Жоғары оқу орнын бітіргеннен жарты жыл бойы жұмыссыз жүрген. Тек мансап орталығы арқылы субсидияланатын орынға орналасты.
Аружан Орысбаева, жас маман:
- Жұмыс таппағаннан кейін осы мансап орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Одан кейін маған бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат берді. Одан кейін мені жастар тәжірибесі жобасымен «радиотехник» ретінде маған жолдама беріп, жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда осы жерде жұмыс жасап жатырмын. Маған ұнайды осы жер.
Биыл 14 мыңға жуық облыс тұрғыны мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасқан. Олардың 5 мыңға жуығы жастар. Күні кеше диплом алғандар үшін бірнеше бағдарлама бар. Мысалы «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары білімді тәжірибемен ұштастыруға қолайлы мүмкіндік.
Алтынай Маханова, «облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының» басшысы:
- Дипломын алғаннан кейін бес жыл ішінде мамандығы бойынша жұмыс жасамаған азаматтар болса, 35 жасқа дейінгі жастар, қайта даярлау курстары қарастырылған. Қысқа мерзімді кәсіптік курстар, яғни, еңбек нарығына қажетті жұмыс берушілердің өтінімдері, сұранысы бойынша бір айдан алты айға дейін әртүрлі мерзімге бағытталады.
75 бағыт бойынша маман даярлайтын өңірлік университетте 13 мыңнан астам студент оқиды. Биыл 2700-і диплом алады. Жоғары оқу орны үшін жас мамандарды еңбекпен қамту маңызды. Осы ретте жылда ірі компаниялармен меморандум жасалып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп тұрады.
Әміре Жұмағазиев, өңірлік университеттің департамент директоры:
- Мұғалімдікке біздер білім бөлімінен әр жылы қажеттілік аламыз. Сол бойынша біздер бітірейін деп жатқан студенттерге жұмыс тауып береміз. Және де жеке мектептер де бар. Олар да келіп, кездесу өткізіп тұрады.
Қазір облыс бойынша ресми түрде 1388 бос жұмыс орны бар. Дені білім беру саласында. Ірі өндірістік кәсіпорындарға 60-тан астам маман қажет. Облыс орталығында медицина кадрларын даярлайтын университет болғанымен, 100-ден астам дәрігер мен медбикенің тапшылығы байқалады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов