Жезқазғанда жылыту маусымына дайындалу үшін ₸2 млрд бөлінді
Жезқазғанда жылыту маусымына дайындалу үшін 2 млрд теңгеден астам ақша бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Оның 1 млрд 700 млны жергілікті бюджеттен берілді. Бұл қаржыға 8 шақырым жылу және су құбыры жаңартылады. Сенат депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев және Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай маусымға дайындық барысын көрді. Коммуналдық кәсіпорын жұмысты бекітілген кестеге сай жүргізуде. Дегенмен, бірқатар мәселе бар. Ұзақ жыл жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған мекеме былтыр коммуналдық меншікке өткен еді. Баланстағы жылу желілерінің 70%-і әбен тозған. Кәсіпорын басшылығы қаржылық қиындықтан шығу үшін келесі жылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына қатысатын болды.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір өздеріңіз білесіздер, жаңа заң қабылданды ғой, жылу энергетикасы жөнінде. Сол жөнінде де біз қазіргі кезде көп әңгімелесіп жатырмыз. Жалпы дайындық жүріп жатыр жоспарлы түрде. Бірақ әрине, бұл облыс орталығы болғаннан кейін республикалық бюджеттен қаражат бөлу міндетті түрде керек боп отыр. Өйткені қарқын солай боп жатыр. Оның бәрін атқармаса, ертеңгі күні қысқа дайындық іске аспай қалуы мүмкін.