Қызылорда облысында қарбыз пісті
Қызылорда облысында бақша өнімдері жинала бастады.
Жыл сайын шетелге экспортталатын Жайылманың қарбызы биыл да бітік шықты. Ерте көктемнен күтімге алған алқаптың әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім жинау жоспарланып отыр.
Жайылма ауылының тұрғыны Шерехан Шідербаев төрт гектар жерге қарбыз еккен. Ерте көктемнен күтім жасаған бақшасы бірер апта бұрын жеміс бере бастады. Әр гектардан орта есеппен 60 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Жерден терген несібесін ішкі нарықтан бөлек шетелге экспорттамақ.
Шерехан Шідербаев, Жайылма ауылының тұрғыны:
- Ресейдің өзінің түпкір-түпкіріне кетеді, Украинаға да кетеді мысалыға. Басқа да шет мемлекеттерге кетіп жатыр. Өздері келеді, бізге олар камазбен келеді ғой, 35-40 тоннадан басып кетеді. 20 тоннадан кем баспайды ғой жалпы.
Жайылмалықтар қарбыз тұқымын сәуір айында жабынды астына егеді. Бұл әдіспен тұқым тез өніп, шілде болмай пісіп үлгереді. Ерте жиналған өнім де қымбат болады.
Диқандардың айтуынша, сырттан түскен сұранысты да уақытында дайындап беруге мүмкіндік мол.
Былтыр Жаңақорған ауданында мың жарым гектар жерге бақша егілген. Биыл бұл көлем екі мың гектардан асты.
Бақыт Жексенбаев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Өткен жылғы есеп бойынша біз мың жарым тоннаға жуық шетелге қарбыз өнімін экспорттаған болатынбыз. Биыл да жоспар сондай, биылғы қарбыз өнімдері центнеріне 60-50 тонна өнім алып жатыр. Көршілес Ресей мемлекетіне, тағы басқа мемлекеттерге экспорттаймыз деген жоспарымыз бар.
Былтыр Сыр өңірінен әлемнің 21 мемлекетіне 52 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Оның ішінде күріш, балық өнімдерімен қатар, қамыс, күнбағыс тұқымы мен жеміс-жидектер де бар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев