Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 72 адам жауапқа тартылды
Ақмола облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 70-тен астам адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірде «Орман» жедел-алдын алу акциясы аяқталды. Оның барысында өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары және табиғатты қорғау мекемелері орман алқаптарын қорғауды күшейтті. Орман шаруашылықтарының өртке қарсы дайындығы да тексерілді.
Бурабай ұлттық паркінің орман шаруашылығына шартты түрде өрт туралы хабарлама жіберілді. Бірнеше минут ішінде орманшылар, жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің техникасы мен өрт сөндірушілері оқиға орнына жетіп келді. «Қазәуеорман қорғау» тікұшағы ауадан көмек көрсетті. Өрт тез арада өшірілді.
Бауыржан Махметов, «Бурабай» МҰТП бас директорының орынбасары:
- Өрт туралы хабарлама түсіп жатса, біздің сол жерге 7 минут ішінде жетуіміз тиіс. Егер таулы жердегі орман болмаса. Жалпы біз техниканы жаңартып келеміз. Жаңа өрт сөндіру кешендерді, құрылғыларды және киім-кешектерді сатып алдық. Өйткені өрттерді болдырмау және уақытында жою ол біздің техникамен жабдықталумен байланысты.
Жаз басталғалы орманшылар, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері орман алқаптарындағы адам көп жиналатын жерлерді тексеріп, бақылауда ұстайды. Табиғат аясында орналасқан демалыс орындары да тыс қалмайды. «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бәрі бірдей сақтай бермейді», – дейді мамандар.
Ислам Әбілдин, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
- Жалпы 104 мобильді топ құрылды, оның ішінде 400 адам бар. Осы жедел топтар мыңан астам рейдтік іс-шараларды өткізді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері анықталды, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгінгі таңда 72 жеке тұлғаға 1 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қазір өңірдегі орман алқаптарында 47 өрт сөндіру бекеті бар. Алдағы уақытта тағы біреу ашылады. «Бірақ орман шаруашылықтарында әлі де кемшіліктер бар», – дейді аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Арман Тұрымбаев.
Арман Тұрымбаев, облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Кей мекемелерде өрт сөндіру техникасын жаңарту қажет. Яғни, қазір олар тозған, дегенмен бұл техника жұмыс істейді. Біздің ұсынысымыз, орман шаруашылықтарда бірінші және екінші типтегі өрт сөндіру станциясын құру қажет. Біз тиісті хаттарды жауапты органдарға жолдадық.
Құтқарушылар мен табиғатты қорғау мекемелерінің өкілдері орман алқаптарында қызмет ететін кәсіпкерлермен кездесті. Ереже бойынша олар өрттің алдын алу үшін барлық шараларды қарастыруы керек. Сонымен қатар демалыс орындарының бәрі өртті сөндіру үшін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы тиіс.
Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко.