Үкімет басшысы: Құрылыс қарқынын күшейту керек

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына 775 үй салынып жатыр деп хабарлайды 24kz.

Олардың басым бөлігі облыс орталығында бой көтереді. Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «аймақтағы жұмыс қарқынын төмен», деген еді. Бүгін құрылыс барысын өзі аралап көрді.

Премьер-министр өңірге жұмыс сапарын Теректі ауданынан бастады. Қазір мұнда су тасқынынан зардап шеккендерге 131 үй салынып жатыр. Оның 106-сы Подстёпное ауылында. Әр үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр. Құрылыс алаңында Олжас Бектенов «жұмыстың сапасын бақылауды күшейту қажет», деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Сапасы да жоғары болу керек. Әйтпесе интернеттен көріп жатамыз, қағбалар қирап жатады жел соқса. Ондай болмасын!

Құрылысшылар жұмысты жылыту маусымына дейін аяқтаймыз деп уәде етті. Мердігер компанияның директоры Жанболат Аманғалиев «5 тамызда баспана кілтін табыстаймыз», деді.

Жанболат Аманғалиев, мердігер компанияның директоры:

- Қазір нысанның ішкі жұмыстары ғана қалды. Оған шамамен 10-12 күн уақыт жеткілікті. Жұмыстың сапасына өзім бас-көз болып жүрмін. Тұрғындар да құрылыстың басына емін-еркін келеді.

Үкімет басшысы облыс орталығындағы құрылыс нысандарын да аралады. Жұмыстары Оралдағы «Жұлдыз» ықшам ауданы мен Зачаганск және Дерқұл ауылдарында да жүріп жатыр. Жаздың соңына дейін мұнда 374 тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл тұста Олжас Бектенов жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. «Себебі тұрғындар жаңа баспанасына қоныстануды тағатсыздана күтіп жүр», - деді.

Қарлығаш Меденова, Орал қаласының тұрғыны:

- Саяжайдағы үйімізді 21 сәуірде су басты. Соның зардабына біз деген эвакопунктте орналастық отбасымызбен. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Шағын ауданнан жер үй берілді. Мемлекет басшысына алғыс білдіремін. Енді осы үй кілті 1 қыркүйек оқу басталғанша бұйырса екен дейміз.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда 1200-ге жуық отбасы баспана мәселесін шешіп алды. Оның 374-і жеке сектор, 500-ден астамы жаңа пәтерлерге қоныстанды. Ал, 200-ден астам жанұяны нарықтағы баспанамен қамтамасыз еттік.

Сондай-ақ Олжас Бектенов инженерлік желілердің жағдайына да назар аударды. «Жаңадан салынып жатқан ықшам аудандарды тиісті инфрақұрылым және қажетті абаттандырумен қамтамасыз ету керек», - деді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Альбина Кұмарғалиева, Болат Жарылғасов