Павлодарда АЭС салу бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Павлодарда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды 24kz.

Энергетика саласының сарапшылары мен «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының қызметкерлері тұрғындармен кездесті. Мамандардың айтуынша, ерте ме, кеш пе көмір қоры сарқылады. Ал баламалы қуат көзін өндіретін кәсіпорындардың елді электр қуатымен толыққанды қамтуға қауқары жетпейді. Бұл мәселені атом электр станциясын салу арқылы шешуге болады. Оған Қазақстанның әлеуеті жетеді.

Самалбек Жарасов, қала тұрғыны:

- Біз бірінші мемлекет емеспіз ол атом электр станциясын салып жатқан. Егер дамыған мемлекеттерді қарап отырсақ, бір Францияның өзінде ғана 80% электр энергия сол атом электр станциясынан шығып отыр. Неге десеңіз,ол өте тиімді. Екіншіден, ол экономика жағынан жақсы. Өйткені атом электр станциясының шығарған электр жиілігі бағасы аз болады. ГРЭС, ТЭЦ-терден. Сондықтан да Қазақстан егер дамуы керек десек ол сұрақты бүгіннен бастап шешіп бастау керек деп ойлаймын.

Асуан Сиябеков, «Қазақстандық атом электр станциялары» жшс инженері:

- Атом электр станциясын салмастан бұрын референдумға дейін халықты атом электр станциясының құрылысы жөнінде, қалай салынады, не үшін бізге керек деген сияқты сұрақтармен таныстыру мақсатында мұндай шаралар өткізілуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені адамдар енді референдумға барғанда өздері білуі керек қой не үшін жаңағы дауыс беріп жатқанын. Бұл мәселенің мән-жайын білмей оған жоқ деп жауап беру қате пікір болуы мүмкін.