Алматыда АЭС құрылысына қатысты талқылау өтті

Атом энергетикасын дамыту Қазақстанның экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Алматыда өткен жария талқылауға қатысқан сарапшылар осылай,-дейді. Өңірлер бойынша 19-шы рет өтіп отырған қоғамдық талқылауға қатысушылар нақты ғылыми зерттеулер негізінде атом электр станцияларының тиімділігі жайлы ақпараттарымен бөлісті.

Жария талқылауға энергетиктер, атом саласының мамандары, ғылыми сарапшылар, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Олар бірінші кезекте, атом электр станциясын салудың экологиялық артықшылықтарын алға тартты. Қазір жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі басты мәселеге айналды. Бұған ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көп мөлшері себеп болып отыр. Қазақстанда көмірқышқыл газы шығарындыларының 80 проценті энергетика секторына тиесілі. Ал атом энергетикасы зиянды шығындыларды 70 миллион тоннаға дейін азайтады, - дейді ғалымдар.

Айнұр Бегімбетова, АЭБУ, Энергетика және жасыл технологиялар институтының директоры:

- Қазір климаттың өзгеруімен күресу үшін ең бірінші кезекте зиянды шығарындылардың көлемін азайту керек. Халықаралық климаттық өзгерістер агенттігінің мәліметтері бойынша, атом электр станциясы өзінің жұмыс циклінде бар болғаны 11 тонна көмірқышқыл газын шығаратыны дәлелденген. Салыстырмалы түрде айтсақ, көмір қолданылатын жылу электр орталығы өмірлік циклінде шамамен 820 тонна CO2 шығарады.

АЭС құрылысына қатысты қоғамда радиафобия басым екені белгілі. Алайда мамандар бұл да негізсіз деп отыр. Бірінші буындағы реакторлар ядролық энергияны электр энергиясына айналдырудың мүмкін екенін көрсетумен шектелді. Екінші буын реакторы да қауіпсіздігін дәлелдей алмады. Ал Қазақстанда салуға ұсынылып отырған 3,3+ буыны барлық сынақтан өткен. 

Ерлан Батырбеков, ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:

- Атом электр станцияларында болған барлық апаттар жіті зерттеліп, ауқымды жаңғыртулар жасалды. Осындай өзгерістерден кейін 3,3+ реакторлары пайда болды. Олар белсенді жүйелерден басқа, мүлдем электр қуатынсыз жұмыс істейтін пассивті жүйелерге ие. Олардың ішкі кері байланысы бар, ол кішкентай ауытқаудың өзінде реакторды қалыпты жағдайға қайтарады. 

Атом энергетикасының тағы бір тиімділігі – ол тұрақты әрі үздіксіз қуат көзі саналады. Бұл елдегі өндірісті дамытудың алғышарты. Себебі қуат тапшылығы бірінші кезекте экономиканың әлсіреуіне әкеледі, - дейді мамандар. Технологияның қарыштап дамуы қазірдің өзінде электр энергиясына көп қажеттілікті тудырып отыр. 

Әнуар Нығметов, жеке кәсіпкер:

- Соңғы жылда елімізге электромобильдер 4 есеге көп әкелінді. Мәселен, бір электрокар  тәулігіне 25 киловат қолданады. Болашақта қуат көзін қолданатын көліктер қатары көбейеді, сол кезде жеткізушілер қажет көлемде энергиямен қамтамасыз ете ала ма? Кәсіпкер ретінде осыған алаңдаймын.

Электр энергиясының қажеттілігі – даусыз шындық. Оны өндірудің тиімді әрі қауіпсіз жолын таңдау үшін сала мамандарына жүгінген дұрыс дейді көпшілік. 

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Электр энергиясын шығаратын кез келген өндірістің зиянды жағы бар. Тіпті су электр станциясы. Маман ретінде маған сеніңіздер. Қарапайым тілмен түсіндірейін. Көмір стансаларының – зиянды шығарындылары көп, гидроэлектростансалары арқылы су энергиясын электр энегриясына айналдыру үшін ауқымды аумақты су басып жатады. Енді мәселе бүгінгі таңда электр энергиясын өндірудің барлық әдістерінің ішінен ең экологиялық таза және мүлдем қауіпсізін таңдау қажет. 

АЭС құрылысына қатысты жария қоғамдық талқылау осымен 19-рет өткізіліп отыр. Айта кетейік, аталған мәселе елімізде референдум арқылы шешілетін болады.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон