Қонаев қаласы қысқы жылу беру маусымына дайын
«Жылу орталығы» мекемесінің басшылығы осылай деп мәлімдеді.
Олардың айтуынша, жазда №2 және №4 қазандық жөндеуден өтіп, су жылытуға арналған қазандыққа ревизия жасалған. «Сондықтан қала тұрғындары қыстан қысылмай шығады», – деді жауапты мекеме қызметкерлері.
Қонаев қаласындағы «Жылу орталығы» мекемесінде 10 қазандық бар. Оның төртеуі – су жылытқыш, алтауы – бу қазандықтары. Қазір мұнда су жылытуға арналған бір қазандық жұмыс істеп тұр. Үшеуі резервте. Тағы бір бу қазандығы жөндеуден өтіп жатыр.
Оңғарбек Махамбетов, «Жылу орталығы» мекемесінің директоры:
- Қазіргі таңда 98% дайынбыз. Оның 2%-і... 3 өтінім бар еді. Бірінші – турболизатор, екіншісі – «горелка». Үшіншісі – «дымосос». Құдай бұйыртса, осы айдың аяғында бәрі келіп орнатылады. Биылдыққа 2 шақырымдай «межквартальный» құбырларды ауыстырдық. Қазіргі таңда, бу қазандығы дейміз, солар келіп жатыр.
Қонаевта орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Қазір тағы 12 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 12 тамыздан бастап жабдықтарды тексеру мақсатында шаһарға ыстық су беру тоқтатылды. Жергілікті тұрғындар бұған түсіністікпен қарағанын айтты.
Сауалнама:
- Қыстың күні жылы, жылуы жақсы. Ыстық су үздіксіз беріліп тұрады, жақсы. Маған ұнайды. Көңілім толады, иә.
- Мен тұратын үй жылы. Қалғандарын білмеймін. Әр шағынаудандікі әртүрлі. Мен 3-ші шағынауданда тұрамын, біздікі жылы.
- Бізде ыстық қыста, жақсы. Былтырғы жылы ыстық болды, биыл енді білмеймін қандай болатынын.
№2, 4 және 5 шағынауданның жылу құбырын ауыстыру жұмыстарына кіріскен мердігер компания өз міндеттемесін дұрыс атқармағандықтан, іс сотқа жөнелтілді. Сот шешімімен конкурс қайта ойнатылып, жаңа мердігер анықталды.
Роман Болгаров, мердігер компания өкілі:
- Біз 3 шақырымнан астам жылу жүйесін ауыстырдық. Қазір абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кестеден кешігу жоқ. 15 қазанда нысан пайдалануға беріледі.
Алматы облысында 2 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй болса, соның 65%-і орталықтандырылған жылу жүйесі қызметін тұтынады. Жақында Еңбекшіқазақ ауданында 5 модульдік қазандық іске қосылды. Ол мыңнан астам үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еңбекшіқазақ, Талғар және Іле аудандарында болашақта қосымша 52 блок-модульдік қазандық салынады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.