Петропавлда су басқан мектеп жөнделді
Петропавл қаласында көктемгі тасқында су басқан мектеп жөнделді.
Техникалық сараптамадан кейін оқуға жарамды деп танылған ғимаратты қалпына келтіруге облыстық бюджеттің резервінен 300 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға қандай жұмыс атқарылды? Табиғи апаттан зардап шеккен балалар жаңа оқу жылын қалай бастады?
Петропавлдағы №14 орта мектеп көктемгі тасқын кезінде бір ай бойы суда тұрды. Есіл өзенінің суы бірінші қабаттың ортасына дейін көтерілген. Содан ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын дымқыл тартып, ағаш едендер шіріп кеткен. Жиһаздар бүлінді. Техникалық тексерістен кейін жөндеу жұмыстарына 300 млн теңге бөлініп, оқу ордасы қалпына келтірілді. Жылу, жарық, су жүйесі толық ауыстырылды.
Гүлімжан Абжанова, Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:
- Жөндеуге берілген ақшаның үстінен облыс бюджетінен бізге 61 млн теңге беріліп отыр. Арнайы кабинеттерді сатып алу үшін, химия, физика, биология және ер балаларға еңбек кабинеттері. Енді қосымша ақша бөлініп, басқа кабинеттерді де ауыстырайын деп жоспарлап отырмыз.
Көктемгі тасқыннан кейін оқушылар саны екі есеге азайып қалды. Өйткені Ойқала шағынауданында апатты деп танылған үйлер бұзылып, кейбір тұрғындар көшіп кеткен. Қазір мұнда 230 оқушы білім алады. Солардың бірі – Юлия Лаптева.
Юлия Лаптева, мектеп оқушысы:
- Жөндеуден кейін мектебіміз жаңа кейіпке енді. Ең бастысы оқуымызды осында жалғастырамыз. Өйткені тасқыннан кейін ғимарат апаттық деп танылып, жабылып қала ма деп қорықтық. Енді оның бәрі артта қалды. Достарымызбен қайта қауыштық.
Қазір мектеп жылу жүйесіне қосылайын деп жатыр. Ал келер жылы ғимараттың шатыры ауыстырылып, аумағы абаттандырылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып қойған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков