Ертіс өңірінде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Павлодарлық шаруалар әлі де шөп шауып жатыр.

Тіпті қалың қауды жинап үлгере алмай жатыр. Әрі мизамшуақта құрғақ шөпке от тимес үшін, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері рейдке де шықты. Өрттің алдын алу үшін арнайы оқу-жаттығулары ұйымдастырылды.

Ертіс өзенінің арнасына әуеден мониторинг жүргізіледі. Себебі өзен жағасындағы шабындықтарда мал азығын дайындап жатқандар көп. Оқу - жаттығу уақыты 2,5 сағатқа созылды. Тікұшақпен 400 шақырым аумаққа барлау жасады. Сала өкілдері бұдан өзге де алдын алу, құтқару іс-шараларын жиі өткізіп жүр.

Никита Юдин,  "Қазавиақұтқару" АҚ Павлодар қаласындағы өкілі:

- Былтыр  төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп атқарған жұмыстарға тоқталғым келеді. Біз «Ертіс орманы» және «Семей орманы» резерваттарында болған өртті сөндіруге көмекке бардық. Одан кейін із-түсіз жоғалған жеті жасар қыз бен балыққа кетіп оралмаған Ақтоғай ауданының 42 жастағы тұрғынын іздеу шараларына қатыстық. Ал, көктемгі  су тасқыны кезінде көптеген мониторингтер жүргізілді.

Төтенше  жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімі шабындық алқаптарын аралап жүр. Олар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша нұсқаулықтар таратады. Шөп шауып жатқан шаруа қожалық басшыларының айтуынша  науқан ұзаққа  созылатын түрі бар.

Едіге Уәлиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл шөп науқаны кішкене ауырлау болып тұр. Жүз гектар жеріміз бар, соның бір елу пайызын әлі тәмамдаған жоқпыз. Ауа райы кішкене қолайсыз болып тұр. Егер де жаңбырлар осылай жалғасса бір отыз пайыз шөбіміз шабылмай қалуы мүмкін.

Облыс бойынша шөп шабу науқаны басталған кезеңде   19 өрт тіркеліпті. Салдарынан 140 тонна шөп өртеніп кетіпті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Тілекжан Галямов, Павлодар қалалық ТЖБ басшысының орынбасары:

- Көбінде осы ауыл шаруашылық техниканы қолданған кезде ұшқын сөндіру, өрт сөндіргіш болмауы отты абайсыз қолдануы осының бәрі шөп жинау кезінде өрттерге әкеледі. Сондықтан Павлодар облысы ТЖБ-ның қызметкерлері осы шөп науқаны жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауын сұрайды.

Науқан басталған екі ай ішінде 1,5  мыңға жуық рейд жүргізілген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұған 34 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 655 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған. 

 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев