Ақтөбе облысында референдумда дауыс берушілерге жәрмеңке ұйымдастырылды

Ақтөбе облысының тұрғындары 530 учаскеде дауыс беріп жатыр.

Тіпті дауыс берушілерге учаске аумағында ауылшаруашылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, таңдау жасауға келген әр азаматқа қажетті жағдай ұйымдастырылған.

Таңмен таласып дауыс беру учаскесіне келгендердің қарасы қалың. Аймақ басшысы Асхат Шахаров та өзінің азаматтық таңдауын жасап,  №541 учаскеде дауыс берді. Сондай-ақ, ол мектеп ауласында ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап көрді. Онда Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының өнім өндірушілері өз тауарын арзан бағада ұсынды. 

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Бүгінгі референдумға қатысты өз құқығымды пайдалана отырып, дауыс бердім. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша атап өтетін болсақ, 530 учаске өз жұмысын бастап кетті. Дауыс беруге ешқандай кедергі жоқ. Жалпы инфрақұрылым толықтай ережеге сәйкес бар. 00,56 Жалпы белсенділік байқалады. Тұрғындар келіп өз дауысын беріп болашағы үшін ниетін білдіруде.

Ақтөбеліктер референдумға ерекше ықыласпен қатысып жатыр. Қаладағы дауыс беру учаскелерінің біріне биылғы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Нұрбаевтар әулетінің үлкендері де келіп, таңдау жасады. 

Қыдырбай Нұрбаев, "Мерейлі отбасы-2024" байқауының жеңімпазы:

- Өзім азаматтық борышым деп келіп тұрмын ауырғаныма қарамай. Мұндай тарихи сәттен ешкім қалыс қалмауы керек. Барлығы келіп дауыс бергені дұрыс. Жастарға үлгі болуымыз керек.

Айта кетейік, аймақта 569 845 сайлаушы бар. Дауыс беру учаскелеріне келушілердің саны әлі де көп. Ең қызығы қаладағы «Алақай» қуыршақ театры дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал облыста бүгін азаматтар қоғамдық көлікпен тегін қатынайды.

Айнұр Қуатқызы