Ақмола облысында жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігі тексеріліп жатыр
Төтенше жағдай қызметінің мамандары жыл сайын жылыту маусымы басталғанда осылай бір ай бойы профилактикалық іс-шара өткізеді.
Басты мақсат – қайғылы оқиғалардың алдын алу. Себебі өрт оқиғаларының көбі жеке тұрғын үйлерде тіркеледі. Өйткені тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.
Қожабек Қайшенов, қала тұрғыны:
- Маған пештің шойын плитасын ауыстыру керектігін айтты. Сондай-ақ пластмассалық су тұратын бакке де ескерту жасады. Алдағы уақытта осы олқылықтарды қалыпқа келтіремін.
Алайда құзырлы орган өкілдері, өрт қаупін сақтамаған тұрғындарға ешқандай айыппұл сала алмайды. Сондықтан да болар үй иелері көбіне олардың сөзіне құлақ аса бермейді. Сондай-ақ құтқарушылар көпбалалы аналар мен жалғызбасты қариялардың үйлеріндегі пештің мұржасын тазалап, улы газдан сақтандыратын дабыл құрылғысын орнатты.
Асыл Сүлейменова, қала тұрғыны:
- Төтенше жағдай қызметккері келіп мұржамызды тазалап, үйге датчик орнатып берді. Бәрін қалай қолдану керектігін түсіндірді. Рақмет.
Ал аймақта өрт дерегі көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе жылыту маусымы кезінде тіпті өрши түседі. Мәселен, былтырғы жылыту кезеңінде 324 өрт тіреліп, 16 адам қайтыс болды.
Думан Дәлешов, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Негізгі себептер былтырғы жылыту маусымында бізде пешті дұрыс пайдаланбау, электр құрылғыларын дұрыс орналастырмау болды. Сол себептен көп өрт тіркелді. Биылғы жылы халыққа көзбе-көз көрсету мақсатында профилактикалық кабинет аштық. Осы кабинетте біз пештерді қалай дұрыс орнату керек, электр құрылғыларын қалай дұрыс қолдану керектігін халыққа көрсетіп, барлық өрт қауіпсіздіг талабын айтудамыз.
Жалпы профилактикалық шара басталғалы құтқарушылар 90 мыңға жуық жеке тұрғын үй алабын тексерді. Әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баса көңіл бөлініп отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко