Келер жылы Қазақстанда жаңа кассациялық соттар жұмыс істей бастайды
Бүгін Мәжіліс сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды 24kz.
Заңда азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық сатыда алдын ала қарауды алып тастау ұсынылған. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады. Сот ісін жүргізудің барлық түріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Сондай-ақ әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тәуелсіз кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Ол сот практикасының, біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Дербес кассациялық соттардың құрылуына орай Жоғарғы соттың рөлі де өзгереді, ол сот практикасын зерделеп, оны жинақтап қорыту және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталу мәселелеріне бағдарланады. Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы сотта қайта қаралуы мүмкін. Дербес кассациялық соттардың құрылуы сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, әрбір сот сатысының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл соттарға деген сенімді арттыруға ықпал етеді.