Қарағанды құю-машина жасау зауыты халықаралық API сертификатына ие болды

Қарағанды құю-машина жасау зауытының аумағында құрылған «Мейкер» компаниясына Америкалық API ұйымының халықаралық сертификаты берілді, деп хабарлайды 24kz.

Оны Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясының өкілдері табыстады. Енді кәсіпорын өнімін әлемнің 100-ден астам еліне сата алады.

«Мейкер» компаниясы мұнай, тау-кен жабдықтарын өндірумен және жөндеумен айналысады. Оның өнімдері отандық сертификатпен расталған. Ал бүгін мұнай жабдықтарын сертификаттау бойынша әлемде жетекші орынға ие америкалық үкіметтік емес ұйымының сертификатын алып отыр.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Нәтижесі өте жоғары деп айтуға болады бұл сертификаттың. Бұл әлемнің 100 мемлекетінде осы салада сервистік қызметтерге мүмкіндік ашылғаны өзінің өнімін сатуға.

Жаңа сертификат API Spec Q1 халықаралық сапа стандартын растайтын маңызды құжат. Ол үшін құю-машина жасау зауытының жұмысы жан-жақты сарапталған.

Ерлан Мұқай, NCOC компаниясы басқарушы директорының орынбасары:

- Бұл 3 жылдық бірігіп істеген жұмыстың нәтижесі. Компания барлық қойылған тесттер мен тексеруден өтіп, өзінің жоғары деңгейдегі кәсіпорын, мамандары жоғары кәсіпті екенін көрсете білді.

«Maker – Қарағанды құю-машина жасау зауыты» ЖШС – импортты алмастыратын ірі машина жасау кәсіпорны. Зауыт толықтай сандық жүйемен жұмыс істейтін қондырғылармен жабдықталған.

Жәнібек Байғабелов, Қарағанды құю-машина жасау зауытының басқарма төрағасы:

- Біз бұл сертификатты алу үшін үш жыл еңбек еттік. Бұл жай емес, кәсіпорын жұмысы қаншама халықаралық сапа стандарттарына сай болуы тиіс. Зауытты жабдықтауға, логистикаға баса көңіл бөлдік.

Биыл кәсіпорынның шығаратын өнімі 3 есеге артқан. Мұнда 1 мыңға жуық адам тұрақты еңбек етеді.

NCOC қазақстандық өнім өндірушілерге халықаралық стандарттарды енгізуде бірегей қолдау көрсетіп келеді. Осының нәтижесінде 12 қазақстандық өнім өндіруші ауыр машина жасау саласындағы халықаралық ASME және API стандарттарына сәйкестігін сәтті растады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар