Қарағандыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті
«Адам бол – адал бол». Қарағандыда осындай атаумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті, деп хабарлайды 24kz.
Республика күніне орайластырылған шараға қалалық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар қатысты.
Кез келген мемлекеттік аппараттың жұмысы «Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасына сүйенуі тиіс. Яғни, биліктің бұқараға барынша жақын болғаны маңызды. Форумда жастарға осы ұстанымның өзектілігі айтылды. Қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюда белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бюджет қаражатын жұмсаудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, коррупцияға қарсы стандарттарды енгізуде оң өзгеріс бар.
Аркадий Тілеубердинов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ардагері:
- Бізде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдамасы бар. Ол 2022 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен бекітілген. Құжатта біздің болашағымыз жастар деп нақты көрсетілген. Өскелең ұрпақ ел дамуында негізгі ресурс боп саналады. Сол себепті сіздерге зор жауапкершілік жүктелген.
Форум жұмысы бірнеше секцияда өтті. Жастарға адал еңбек туралы құрылыс компаниясының директоры Медетқали Жахметов айтып берді. Кәсіпкер өскелең ұрпақты қиыншылықтардан қорықпай, тек биікке ұмтылуға үндеді.
Медетқали Жахметов, құрылыс компаниясының директоры:
- Өзім Пришахтинскіде өстім. Осында білім алдым. Жастарға қандай да бір пайдамды тигіземін. Олардың дамуына үлесімді қоссам деген оймен жүремін. Мысалы, біздің құрылыс компаниясында еңбек ететін жастарға бар білгенімді үйретіп, бәсекеге қабілетті болуын қалаймын.
Парасаттылық қағидаттарын енгізіп, мәдени құндылықтар мен құқықтық сананы дамыту қажет. «Бұның бәрі келешекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттырады», - деген ой түйіндеді форумға қатысушылар.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар