Қарағандыда үш мың адам бір мезетте әнұранды шырқады

Қарағандыда үш мың адам тутұғырдың жанында еліміздің әнұранын шырқады. Осылайша, кеншілер қаласының тұрғындары Республика күнін ерекше атап өтті. Салтанатты шара өнерпаздардың концертіне ұласты.

Өңірдегі бас тутұғырдың маңына таңнан 3 мың адам жиналды. Қоғам белсенділері, жастар, мемлекеттік қызметшілер бастаған көпшілік әнұранды шырқап, Ту көтерілді.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Ортақ мақсат, бір мүддеге сай әрекет етсек, республикамыздың келешегі кемел, болашағы жарқын. Ендеше егемендігіміздің қадірін түсініп, тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысайық.

Патриоттық іс-шара барысында волонтерлер тұрғындарға жалау мен стикерлер таратты. Жиналғандардың басым дені – жастар.

Гүлназ Амантай, қала тұрғыны:

- Осы шараның біз үшін қосатын үлесі жастар арасындағы рухты, патриоттық сезімді ояту болып келеді. Бізге осындай тулар таратты. Бір мезетте барлығымыз әнұранды шырқаған кезде патриоттық сезімді оятқан болатын.

Бектас Жұман, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті студенттер үйінің директоры:

- Республика күнінің біздің еліміз үшін алатын орны ерекше. Жалпы бүл шараның мақсаты – жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, олардың патриоттық болмысын қалыптастыру.

Шара соңында өнерпаздар патриоттық әндерді шырқады. Дәл осындай ауқымды шара өңірдің барлық қала, аудандарында өтті.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.