Қарағандыда мыңға жуық жеке үйге өртке қарсы дабыл құрылғысы орнатылды
Улы газды анықтайтын қондырғылар тұрмысы төмен отбасыларға тегін қойылды.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пештердің жылыту маусымына дайындығын тексеріп, мұржаларын тазартып берді.
Жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың алдын алу ережелеріне мән бермейтіндер көп. Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйлерді аралап шықты.
Марғұлан Аманбаев, облыстық ТЖД бастығы:
- Өрт - ол тілсіз жау, жаңағы дымоходтарды тазаламаса, от жағу маусымында пештерді дайындамаса, балаларды қараусыз қалдырса, сондай-ақ балаларға от жағуға рұқсат беретін болса ол өртке алып келуі мүмкін. Соған байланысты біз осындай үлкен акция жүргізіп жатырмыз.
Құтқарушылар жалғыз тұратын зейнеткерлер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріндегі түтін мұржаларын тазалап, пештердің жарамдылығын тексерді. Өртке қарсы датчиктер орнатты. Қондырғы ауа құрамында улы газдың концентрациясы артқанда дабыл қағу арқылы үй иелеріне белгі береді. Осындай көмекке ие болғандардың бірі зейнеткер Наталья Ярмош.
Наталья Ярмош, зейнеткер:
- Көмірдің күлі көп шығады. Пештің мұржасы үнемі бітеліп қалады. Оны тазалауға шамам келмейді. Осылай келіп бәрін тазалап, дабыл құрылғысын орнатып жатқандыры дұрыс болды. Қауіпсіздікті сақтау керек!
Өткен жылу беру маусымында Қарағанды облысында үйлерде 200-ден астам өрт тіркелді. 23 адам көз жұмды. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен барынша хабардар ету үшін осындай акцияларды апта сайын өткізбек.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар