Ғасыр жасаған әже кітап оқып, инені өзі сабақтайды

Қарағанды облысының ең қарт тұрғындарының бірі – Тұмар Ысқақова. Жасы 100-ден асқан әжей Нұра ауданының Кертінді ауылында тұрады. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылғы саласында еңбек еткен кейуананың қазір денсаулығы тың. Әлі күнге іс тігіп, газет-журнал оқиды.

Тұмар апа Шет ауданында дүниеге келген. Тұрмыс құрғаннан кейін Нұра ауданы Кертінді ауылына көшіп келген. Айтуынша, шаруалардың ауыр еңбегіне ерте жастан араласып, мал бағыпты.  

Тұмар Ысқақова, Кертінді ауылының тұрғыны:

- Ол уақытта колхоз ғой, «коллективное хозяйство». Сонда «бухгалтериясында» істедім, жазғытұрым егін салып, жер айдайды өгізбенен, сиырменен. Жыртылған жерді есептеп, соған еңбек күнін жазады. Оған төлейтін ақша да жоқ ол уақытта. Сонда жер өлшедім, мынадай екі тармақты таяғым бар.

Тұмар әже Ахметбек ақсақал екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде кейуана немерелері мен шөберелерін тәрбиелеп отыр. Әлі күнге кітап, газет-журнал оқып, теледидар көреді. Елде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді.  Әжей соғыс жылдары ауылдастарымен бірге майданға сәлемдемелер жинап, сарбаздарға шұлық пен жылы заттар тоқыған. Сол жас кезде қалыптасқан ісмерлігі әлі күнге сақталған. Инені өзі сабақтап, қажетті дүниені тіге береді.

Сағынтай Ысқақов, Кертінді ауылының тұрғыны:

- Анамыздың есту қабілеті, барлығы орнында. Немерелерінің туған күндерін, аты-жөнін түгел жатқа біліп отырады. Шахмат ойнайды. Соның барлығы ерекше ғой осындай жасқа келіп.

Қариясы бар үй қазыналы. Ауылдары мен алыс-жақыннан сапарлап келетін қонақтар әжейдің шаңырағына арнайы соғып сәлем береді. «Жастар үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ғибратты әңгімесінен үлгі алуы керек», – дейді ауыл тұрғыны Сәуле Әубәкірова.

Сәуле Әубәкірова, Кертінді ауылының тұрғыны:

- Шешеммен құрдас болды. Бірге жүрдік, бірге тұрдық. Қазір де 3-4 күн сайын келіп тұрамын. Хал-жағдайын біліп тұрамын. Келмесем, өзі хабарласып тұрады. Қуанып қалады: «Келдің бе, ауылды айтшы», – деп. 

Қарағанды облысында 60 жастан асқан 181 мың адам тұрады. Ал ғасыр жасаған қариялар саны – 25. Қажырлы қайратпен, жалынды жігермен, тұнық зердемен осынау жасқа жеткен Тұмар Ысқақованың өмір жолы көпке үлгі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.