Жыл құстары неге жылы жаққа қайтпай жүр?
Қараша айы құс атаулының жылы жаққа қайтатын мезгілі.
Алайда казір қар түссе де кейбір жыл құстары әлі қайтпаған. Астананың дәл іргесіндегі Талдыкөлде аққулар жүр деген де хабар жетті.
Бұл ненің белгісі? Қар тобықтан асса да жыл құстары неге қайтпай жүр?
Құс та өзге жан иелері тәрізді қорек табылған жеріне үйірсек. Оның үстіне күн райы қолайлы әрі мекені қауіпсіз болса алысқа ұзамайды. Олар тек қорек іздеу мақсатында қоныс аударады. Ал тамағы табылса суыққа да төзетіндері бар.
Қуаныш Сыздықов, Қазақ агротехникалық университеті аңшылықтану және орман шаруашылығы кафедрасының доценті:
- Енді суда мекендейтін үйректер мысалы, неге олар қалып жатыр? Көбінесе оларға керегі су, ашық сулар. Ашық су болғаннан кейін суда қоректері болады. Азығы болады. Сондықтан олар жаңағы ашық сулар қалған болса, сол жерде олар қалады.
Елде құстардың 500-ден астам түрі мекендейді. Олардың 90 пайыздан астамы – осы жыл құстары. Мамандар бұл жаратылыс иелерінің де адам тәрізді атамекені бар екенін айтады.
Алексей Тимошенко, Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитолог маманы:
- Кейбір жыл құстарының нақты күн тәртібі бар десек те болады. Ал кейбірінің үнемі қайтып келетін атамекені болады. Яғни бұл құстар белгілі бір жерге байланған. Егер жыл құстары белгілі бір жерге үнемі оралатын болса, ол жер қауіпсіз әрі тыныш деген сөз.
Жалпы миграция жасайтын кейбір құстардың біздің жақта қыстап қалуы ара-тұра болып тұратын жағдай. Бұған климаттың өзгеруі, яғни күннің жыли түсуі себеп болуы әбден мүмкін деп топшылайды мамандар.
Мысалы жұрт аққулардың Астана төңірегінде әлі де жүргенін айтады. Бірақ бұл жолы бізге ұшыраспады.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Артур Горшняков