Төтенше жағдайлар үшін әмбебап бөлімшелер құрылады. LIVE
Ақмола облысында өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды.
Бұл туралы Үкімет отырысынан төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өрттен зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін береді. Ал Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралады.
Елімізде Өрт қауіпсіздігіне қатысты жаңа шаралар қабылдана бастаған. Астанадағы биік ғимараттардың бірінде тікұшақтың қатысуымен өртке қарсы жаттығу өтеді. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды төтенше жағдай кезінде сауатты қимылдауға үйретуді жоспарлап отыр. Ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында осындай жоспарын айтты. Министр мұндай шаралар халықтың қауіпсіздік мәдениетін көтереді деп отыр.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Жалпы қазір елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет. Биік ғимараттарды сөндіруге арналған өртке қарсы екі дрон сатып алынады. Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алынбақ. Алдымен, бұл техникаларды аудандық бөлімшелерге жібермек.
Төтенше жағдайлар үшін әмбебап бөлімшелер құрылады. Сала басшысының айтуынша, қазір Министрлік бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Құрылыстың осындай тәсілі барлық өңірде енгізілмек.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Оқыту мен жаттығулар арқылы біз халықты ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көпқабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығулар өткізілді.
Сондай-ақ жеке тұрғын үй жайларды өрттен қорғау бойынша да бірқатар шаралар қолға алынған. Тұрмыстық газды да қауіпсіз пайдалану ережелері бекітілген.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев