Өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіледі
Елімізде жыл басынан бері жеке тұрғын жайларда 650 өрт оқиғасы жайлы дерек тіркелді.
Салдарынан 31 адам қаза тауып, 20-сын түрлі дәрежеде күйік шалған. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Олқылықтардың орнын толтыру мақсатында министрлік өртке қарсы күрестің жаңа әдістерін енгізбек. Премьер-министр әкімдіктерге газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын күшейтуді ,сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі шаралары туралы халықты хабардар ету үшін жеке тұрғын үйлерді аралауды және рейд жүргізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Елде айына 60-тан астам өрт дерегі тіркеледі. Оқыс жағдай жеке тұрғын жайларда көп болатын көрінеді. Себебі тұрғындардың кейбірі ақауы бар пеш жағады. Одан қалды электр жылытқыштарды пайдаланады. Төтенше жағдайлар министрі, оттың тұтануы көбінесе осыдан болатынын жеткізді. Бұған қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өрттің 50%-ға жуығы пеш пен мұржалардағы ақаулардан келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Үй иелерінің бейқамдығы да жағдайға кері әсер етіп отыр. Көп адамдар ақауы бар пеш жағады. Қысқа дайындық шараларына салғырт қарайды. Қарапайым қауіпсіздік техникаларын бұзып жатады.
Бұл тұста елімізде Өрт қауіпсіздігіне қатысты жаңа шаралар қабылдана бастаған. Астанадағы биік ғимараттардың бірінде тікұшақтың қатысуымен өртке қарсы жаттығу өтеді. Осылайша тұрғындардың төтенше жағдай кезінде сауатты қимылдау әрекеті тексеріледі. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар үшін әмбебап бөлімшелер құрылады. Қазір бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Құрылыстың осындай тәсілі барлық өңірде енгізілмек. Жалпы, қазір елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет. Биыл 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алынбақ. Алдымен, бұл техникаларды аудандық бөлімшелерге жіберіледі.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Оқыту мен жаттығулар арқылы, біз халықты ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көп қабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығулар өткізілді.
Тағы бір мәселе. Халық газ құйып жүрген баллондардың көбі жарамсыз. Төтенше жағдайлар министрі, тұрғындар қолданып жүрген 350 мыңға жуық газ баллонын ауыстыру керектігін аса айтты. Бұл мәселеде әкімдіктер қырағылық таныту керек.
Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев