Қарағандыда күштік құрылым өкілдері марапатталды

Қарағандыда ерлігімен көзге түскен полицейлер мен Ұлттық ұландықтар марапатталды.

«Қазіргі заман қаһармандары» деп аталған республикалық акцияға барлық өңірден үздіктер жиналды. Шара Тараз қаласында лаңкесті ұстау кезінде қаза тапқан «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске алуға арналды. Жалпы тәуелсіздік жылдарында елде қызметтік борышын өтеу кезінде 819 тәртіп сақшысы қаза тапты. Соның 92-сі аса қауіпті қылмыскерлердің қолынан көз жұмған. Жиынға қаза тапқан полицейлердің туыстары шақырылып, естелік сыйлықтарға ие болды. Мұндай шараның жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор, дейді Петропавлдан келген патрульдік полиция аға инспекторы Бақтияр Досжанов. Ол биыл өз өмірін қатерге тігіп, 5-қабаттан секірмек болған қызды құтқарып қалды.

Бақтияр Досжанов, Петропавл қ. патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Өзімнің өміріме де қауіп төніп тұрды, қыздың өміріне де қауіп төнген еді. Ерлік жасаймын деген ойымда болған жоқ. Жұмыстағы міндетімді атқарып, адам өмірін құтқарып қалдым.