Ата-аналар «Келешек» жүйесі арқылы балаларының оқуына ақша жинай алады

Ата-аналар «Келешек» жүйесі арқылы балаларының оқуына ақша жинай алады. Бүгін Мәжіліс осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.

Құжатта «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құқықтық тұрғыдан реттейтін нормалар қарастырылған. Енді әр ата-ананың кез келген банкте немесе өмірді сақтандыру компаниясында баласының атына шот ашуға құқығы бар. 5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60, ал жетім балаларға 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын береді. Ата-аналарға баланың шотына қатысты жыл сайынғы ең төменгі жарна талаптары қойылған. Әлеуметтік осал топтағы жанұя балалары үшін 12, қалғандарына 24 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген. Сондай-ақ банктің немесе сақтандыру компаниясының белгіленген табыс көлемі үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы алады. Ең төменгі жылдық жарнаға қойылатын талаптар бұзылған жағдайда бастапқы білім беру капиталы бюджетке қайтарылуға тиіс. Жиналған қаражатты Қазақстан немесе шетелдегі колледждер мен университеттерде оқуға жұмсауға болады.

Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Бірінші тетігі – Ұлттық банктің төмендетілген базалық мөлшерлемесінің деңгейін төмен болмауды қамтамасыз ету. Көрсетілгендей, 200-300 базистік тармақтан төмендетпеу. Екіншіден, банктердің беретін сыйақысынан бөлек жыл сайын мемлекет 5-7% қосымша сыйақы береді. Мұнда 5% барлық салымшы үшін, 7% ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына арналған.