Қостанай облысында киберқылмыс көбейді
Қостанай облысында киберқылмыс былтырға қарағанда 6 процентке өсті.
Соңғы он айда интернетте мыңнан аса алаяқтық тіркелген. Оның ішінде тек 150-і анықталып, қылмыскерлер тиісті жазасын алды. Жыл маусымына қарай киберқылмыстың түрі де өзгеріп отырады. Мысалы, қараша-желтоқсан айларында интернет-дүкендерде жаңажылдық киім, ойыншықтар, қысқы көлік дөңгелектерінің жалған саудасы белең алады. Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Олжас Мағыпаровтың айтуынша, дропперлердің, яғни арада ақша аударумен айналысатын делдалдардың дені жергілікті тұрғындар.
Олжас Мағыпаров, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы :
- Алаяқтардың басым көпшілігі шетелдерде тұрады. Олар делдал ретінде Қазақстан аумағындағы адамдарды пайдаланады. Бұл ретте жәбірленуші сол арадағы делдалды жауапкершілікке тарту жөнінде сотқа шағым түсіре алады. Егер дроппердің есеп-шоты арқылы ақша аударылғаны анықталса, ол барлық соманы қайтаруға міндетті.