Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайлы конференция өтті
Қызылордада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: құндылықтар мен этикалық қағидаттар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаменті, облыстық әкімдік пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бірлескен шарасына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, білім саласының қызметкерлері, сарапшылар қатысты.
Жең ұшынан жалғасқан жымысқы әрекеттің ақыры ауыр қайғымен аяқталады. Конференция осы ойды арқау еткен бейнеролик көрсетілімінен басталды. Қоғам дамуын тежейтін тажал – сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес үздіксіз жүріп жатыр. Басты ұстаным қылмыстың салдарын емес, себебін жою болуы керек, деді департамент басшысы Қуаныш Ахметқалиев.
Қуаныш Ахметқалиев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің облыс бойынша департаменті басшысы:
- Біздің ең бірінші шарамыз күтіп отырмаймыз, мына мемлекеттік қызметкер қашан қылмыс жасайды, қашан оны отырғызамыз деп. Жоқ, біз оның алдын алу, лекцияларымызды көрсетіп, түрмелерге апарып көрсетіп, осындай жасамаңыздар, сосын заңда қандай қайшылықтар бар, соны жою керек. Цифрландыру керекпіз, сондай үлкен жұмыстар жасалып жатыр, үлкен қылмысқа бармасын деп.
Жауапты мемлекеттік қызметкерлер «алтын көрсе, жолдан таймасын» деп өңірде түрлі танымдық шаралар жүйелі өткізіліп отыр. Оның ішінде тақырыпқа орай дәріс оқу, сахналық қойылым ұйымдастыру секілді ерекше форматтағы іс-шаралар қамтылған. Басқосуда ғалымдар да өз ұсыныстарымен бөлісті.
Болат Айтимов, Жетісу университетінің профессоры:
- Жоғары оқу орындары белгілі бір кабинеттермен қамтамасыз етілген, комплаенсептерлер жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмыс барысында атқарылу миханизмдері толық қалыптаспаған. Сондықтан ғалымдармен ақылдаса келе белгілі бір міндетті нормалар қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын.
Іс-шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысына белсене атсалысқан жандар департамент басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев