Alayaq.net жобасы жалғасады

Былтыр интернет-алаяқтар мемлекетке 21 млрд теңге көлемінде шығын келтірді.

Соңғы 5 жыл ішіндегі ысырап мөлшері 55 млрд теңгеге тең. Әккі әрекетпен айналысқан 35 мыңнан астам шетелдік интернет-ресурс бұғатталды. 64 млн жалған қоңыраудың алдын алды. Бұл туралы бүгін республикалық "Alayaq.net" жобасының екі жылдық жұмысын қорытындылау жиынында айтылды. Құқық қорғау органдары мен волонтерлер заңсыз онлайн-казинолар сияқты алаяқтықтың 200-ден астам схемасын әшкереледі. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының "Заң және тәртіп" атты тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Президент биылғы Жолдауында Үкіметке интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырған болатын. "Alayaq.net" жобасы осы міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің жарқын үлгісі.

Нұрсұлтан Орынбеков, "Alayaq.net" жобасының жетекшісі:

- Телефонға арнайы код жібереді, бір уақыттары поштаға гүл жібереді дейді. Түрлі схемалармен адамдардың сеніміне кіру арқылы олардың аттарына несие рәсімдеу деген сияқты көп таралған алаяқтық схемалардың бірі. Одан кейін қаржылық пирамидаларға адамдарды тарту, инвестиция артына жасырылған түрлі алаяқтар бар. Солар азаматтарға байытамыз, ақшаларымызды еселеп береміз деп ақшаларын алып, сол схемаларға көбіне студенттер, жұмыссыз жастар, солардың барлығын кіргізіп, екі тарапты шығынға ұшыратып отыр ғой.