Риддерді қалың қар басты
Риддер қаласын қалың қар басып қалды.
Мамандардың мәліметінше 2-3 күннің ішінде ақ ұлпаның бір айлық мөлшері жауған. Бұл жағдай шағын шаһардағы жағдайды қиындатып жіберді. Қоғамдық көліктер кестеден жаңылып, қозғалыс қиындады. Тіпті электр желілері де сыр берді. Қазір бүкіл коммуналдық шаруашылық шаһар ішін қардан тазартуға жұмылдырылды.
Толассыз жауған қар риддерліктерді әбден титықтатты. Тірлік әп-сәтте тұралап қалғандай. Автобустардың жүргенінен тұрғаны көбейді. Қаланы қалың қардан тазалау үшін қолда бар арнайы техниканың бәрі жұмылдырылды. Шаһар ішіндегі 630 шақырым жолды аршып, ақ ұлпаны тасу оңай болған жоқ. Жұмысшылар күшейтілген режімге көшті.
Рауан Құрметұлы, Риддер қаласы ТКШ бөлімінің басшысы:
- Бес мың текше метр қар шығарылды.Ең алдымен қоғамдық көліктер қатынайтын жолдарды тазартуға назар аудардық.Барлық техника кесте бойынша жұмыс істеп жатыр.
Тұрғындар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Көршілер бірігіп күрек алып, тротуарларды аршып, іске кіріскен.
Сергей Коротков көп қабатты үйде тұрады. Аулаға кіреберіс жолды тазалап жүр. Осындай қарбаласта жан-жақтан көмек күтіп отыра беруге болмайды,- дейді ол.
Сергей Коротков, Риддер қаласының тұрғыны:
- Екі үш күн ішінде қаланы қар басып қалды. Ең алдымен өз күшімізге сену керекпіз.Коммуналдық мекемелер мүмкіндігінше жұмыс істеп жатыр.
Қазір орталық көшелер тазаланып, техника күші жеке секторға қарай ойысты. Жалпы синоптиктердің болжамынша, биыл облыста қар мол болады. Демек, коммуналдық сала мен төтенше жағдайлар қызметінің қысқы маусымға дайындық сапасы сыналар күн әлі алда.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин