Ақтөбедегі көпқабатты үйлерде 144 лифтінің қолдану мерзімі біткен

Ақтөбедегі көпқабатты үйлерде орналасқан 144 лифт әбден ескірген. 13-ін шұғыл ауыстыру қажет, деп хабарлайды 24kz.

Себебі көтеру механизмі адам өміріне қауіпті. Мамандар: «7 үйдің лифтін қолдануға жарамайды», - деп тоқтатып тастады. Қазір тұрғындар тоғызыншы қабатқа дейін жаяу көтеріліп жүр.

Жеделсаты болмаса баспалдақпен көтерілу, әсіресе, қарттарға қиын. Қиын болған соң сырттағы жұртқа терезеден қиылып қараумен шектеледі. Сондай күй кешіп жүргеннің бірі – Зоя Сариева. Пәтері 7-қабатта орналасқан. Шұғыл емханаға бару қажет болған соң амалсыз төмен түскенін айтады.

Зоя Сариева, қала тұрғыны:

- Аяғым сынған, жүрсем жүрегім соғып, өкпем қысылады. Дәрігердің қабылдауына жазылып қойған соң амал жоқ, шығып келем. Дүкен, дәріханаға қызым мен немерем барады. Бұл үйде қариялар көп. Далаға шығудың өзі азап болды.

Бұл үй 1981 жылы салынған. Мұндағы жеделсаты халыққа 40 жылдан астам қызмет етті. Соңғы уақытта қуықтай ғана кабинасы қозғалған сайын дірілдеп, құлап кетердей болған. Былтыр коммуналдық қызмет мамандары оны мүлдем тоқтатып тастады.

Ернар Нұржан, қала тұрғыны:

- Қолдарын қыстырып алады. Кей кезде тұрып қалады. Ортасына тұрып қалады. Ондай жағдай өзімнің басымнан да өтті. Ортасында тұрып қалып, есігін ашып шығып кеттік біздер жартылай. Тоғызыншы этажда үлкен әжейлер бар. Түсіп-міну, дүкенге бару олар үшін үлкен проблема. Лифт жоқ, тоғыз этаж. 5-6 этаж болса екен, түсінесің. Жасамайды.

Меңдібай Молдагереев, ПИК төрағасы:

- Лифт әбден ескірген. Жеделсаты шаруашылығына жауапты компаниялар жөндеп, қызмет етуден бас тартты. Адамдар ішінде жиі қалып қойғандықтан, жауып тастауға мәжбүр болдық. Жаңартуға өтінім бердік, жауабын күтіп жүргенімізге бір жылдан асты.

Соңғы үш жылда өңірдегі көпқабатты үйлердің жүзге жуық лифті жаңартылған. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Алайда тұрғындар қарызға берілген соманы 7 жыл ішінде қайтаруға тиіс.

Ермахан Балмағамбет, «Ақтөбе» ӘКК Құрылыс және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры:

- 2021 жылдан бері «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 93 лифтті ауыстырды. Олардың үшеуі Алға қаласында. Бұл мақсатқа қаржы министрлігінен 2 млрд 200 млн теңге бөлінді.

Көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында келер жылы тағы 138 лифтті ауыстыру жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 5 млрд 200 млн теңге бөлу көзделіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков